Сапар барысында Қазақтелеком» АҚ мен Ұлытау облысының әкімдігі арасында аймақтағы ұялы байланысты, интернетті дамыту бойынша меморандумға қол қойылды. Меморандумның бір тармағы Жезқазғанда 5G желісін іске қосуды көздейді.
Ұялы байланыс – Ұлытау облысындағы қордалы мәселенің бірі еді. Онсыз да жол қатынасы мүлде сын көтермейтін Жезқазған – Қызылорда автожолының бойында байланыс мүлдем жоқ десе де болады. Ал Қарағандығы қарай баратын жол бойының да оңып тұрғаны шамалы.
Мектептерді цифрландыруға да интернет желісінің жеткіліксіздігі қолбайлау болып келеді. Облыс басшысы өңірдегі бұл бағыттағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған «Қазақтелеком» АҚ-ның бағыттарына зор ризашылығын білдірді.
Меморандумға сәйкес 2025 жылға қарай Жезқазған қаласының байланыс желілері оптикалық-талшықты желілерге көшіріледі және 2023-2024 жылдары Ұлытау облысының аумағында ұялы байланыс пен мобильді интернетті дамыту бойынша қажетті іс-шаралар жоспарын бекітілетін болады. Аймақ басшылығы тарапынан облыстағы 36 мектепке оптикалық-талшықты байланыс желілерін немесе радиокөпір жүргізу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Көп ұзамай Ұлыту облысында ұялы байланыс өткір мәселе болудан қалатын сыңайлы. Ләйім, солай болсын!
М.КЕТЕ