Кесірмен күрес күшейсе игі...

Жыл басынан бері полицейлер елімізде 1 200-ден астам вандализм оқиғасын тіркепті. Бірақ бұл нақты анықталғандары ғана. Еліміздің ұлан-ғайыр аймақтарында құқық қорғаушылар мен белсенді азаматтардың көзіне түспенгендері қаншама?!

Әзірге кейбір адамдардың оспадар қылығынан қандай табиғи, тарихи-мәдени жәдігерлердің бүлінгенін толық білмейміз. Ал вандализм дегеннің өзі жабайылықтың, мәдениеттің төмендігінің көрінісі екенін көзі ашық жандардың бәрі мойындайды. 

Жуырда «AMANAT» партиясының Jastar ruhy жастар қанаты вандализмнен зардап шеккен нысандарды тазалап, қал­пы­на келтіру бағытында акция бастаған. Алғашқы нәтижелер де жаман емес. Ең бас­тысы, жастар осынау өзекті мәселеге қоғамның назарын аудара білді. Белсенді азаматтар вандализмге қарсы петиция жарияласа, депутаттар Үкіметке сауал жол­дады. Жыл басында вандализмге қарсы заң күшейтіліп, Қылмыстық ко­декстегі тиісті бапқа өзгерістер енгізіл­ген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені бірнеше мәрте айтты. Биылғы Жолдауында «Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ бас­­шылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстем­дігін қамтамасыз етпейді. Соның салда­рынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиға­­­лар болып жатады. Мысалы, дала­­дағы, көшедегі вандализм, кейбір азамат­­­тарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениет­­сіз­дігі, неше түрлі тұрмыстық жанжал елі­­­­­­міз­­­дің халықаралық аренадағы абы­­­ройына нұқсан келтіретін болды», – деген еді. 

Вандализм – жабайылықтың белгісі

Негізі, «варвар» пен «вандал» атау­лары ертеде Римді қиратқан көш­пенді тайпа­­ларға қарата айтылған деседі. Ежелгі грек­тер мен римдіктер өздеріне таныс емес қауымды «варвар» деп ата­ған. «Жат­жерлік» деген латын сөзінен шыққаны­­мен, «жабайы» дейтін мәні болыпты. Ал «вандал» атауы 455 жылы Римді қиратып, тонап кеткен гер­ман тайпаларына байла­нысты қалыптасқан. Тарихта вандал ко­ро­лі Гейзерихтің вандал және алан тай­па­ларының мем­лекетін құрғаны ай­­­ты­ла­ды. Римді тонаған да сол Гейзерих еді. Ал термин ретінде «вандализмді» француз рево­люциясының қайраткері Анри Грегуар енгізді. 1798 жылы бұл ұғым «Француз академиялық сөздігіне» кір­гізілді. 

Бүгінде қылмыстың осынау түріне әр елде берілетін баға әртүрлі. Вандализм ретінде қандай әрекеттерді атауға болаты­ны да сан қилы. Әдетте вандализм деп мемлекеттік немесе жеке мүлікті бүлдіру мен қиратуды атайды. Қазақстан Респуб­­­ликасы Қылмыстық кодесінің 294-ба­­­­­­­бында «Вандализм, яғни мемлекет қор­ғай­­­тын тарихи-мәдени мұра объекті­­­лерін, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, табиғи объектiлерді жазулармен немесе суреттермен немесе қоғамдық иманды­­лыққа қиянат жасайтын өзге де әрекет­­­термен қорлау 50-ден 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыс­­­тарына не 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қо­­ғамдық жұмыстарға тартуға не 40 тәу­лікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жа­заланады», – деп көрсетілген. Демек, айыппұл мөлшері 172 мың мен 552 мың теңге арасында деген сөз. 

Егер сөздің ашығын айтар болсақ, Қа­зақстан заңнамасы әлі де болса «жуас». Ван­дализмге қатысты жаза биыл қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқықбұзу­­­­­шы­лықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бо­йын­ша толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұ­­зу­­­­­шылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына қол қойған соң ғана біршама күшейді. Соның өзінде вандалдарды ұзақ мерізімге түрмеге қамамаймыз. Әрі кетсе 40 тәулік қана ұстаймыз. Ал Ұлыбританияда вандализм үшін бұрын 2500-5000 фунтқа дейін айып­пұл салынатын. Кейін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Францияда вандалдарға салы­­­натын айыппұл 1 500 еуродан басталады да, екі жылға дейін түрмеге қамау қарас­тырылады. Сөйте тұра, 250 мың еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Яғни, өзге жұрт вандализмнің зардабы ауыр екенін жасқы түсінген сыңайлы. 

Егер «вандализм» ұғымына не кіре­тінін сараласақ, Ұлыбританияда қоқысты тиісті орынға тастамау да вандализм сана­лады. Канадада бұл ұғымға адамның жеке мүлікті әдейі бүлдіруі немесе жоюы кіреді. Француздар түрлі нысанға рұқсатсыз сурет салу, белгілер соғу мен сөз жазуды да вандализм деп есептейді. Экологиялық вандализм дейтін ұғым тағы бар. Мәде­­­­­ниет­танушы Серік Ерғали вандализмді «мәдени-психологиялық лаңкестік» деп бағалайтынын айтады. Әрине, бірден бұлай кесіп-пішіп үкім шығаруға болмас. Дегенмен қоғамдағы осынау жағымсыз құбылыстың зардабы аз емес екені рас. Біздің пайымдауымызша, вандализмнің бірінші кезекте тарихи-мәдени, рухани зардабы болса, екіншіден, қаржылық шығындары да аз емес. Айталық, ста­дион­дар­­дағы орындықтарды, көшедегі аялдамаларды бүлдіру сияқты тәртіп­сіздіктер мемлекеттің қазынасын ортай­татыны сөзсіз. Сонымен қатар вандализм қатаң жазаланбаса, қоғамдағы тәртіп те әлсірейді. Мұның соңы өздерін жазалан­­байтындай сезінетін азаматтар қатарын арттырып, қылмыстың өршуіне де ықпал етуі мүмкін. Яғни, дүние-мүлікті қиратуға бағытталған тәртіпсіздіктің жанама әсері де бар деген сөз.

Еріккенің ісі ме, әлде?...

Өкінішке қарай, вандализм – Қазақ­станда жиі көрініс беретін құбылыс. Зи­раттарды қирату, табиғатты бүлдіру, ес­керт­кіштерге жазу жазып кету, сурет салу сияқты талай оқиға болып жатады. Бірақ оған қоғамның назар аударуы сирек еді. Айталық, 2021 жылы Семей қаласындағы зиратта қоғам қайраткері, ҚазКСР гим­нінің авторы, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың құлпытасын белгісіз біреулер қиратып кеткен. Әрі бұл оқиға жалғыз дерек емес, Қайым Мұха­мед­­­ханов­тың ескерткішін қорлаудың төртін­ші оқиғасы еді. Одан бөлек, композитор Ғазиза Жұмбанованың, режиссер, «Халық қаһарманы» Әзербайжан Мәмбе­­товтың зираттарына қойылған құлпытас­тар қиратылған. Бұл да қайраткерлердің зиратына қатысты болған бірінші оқиға емес. 2016 жылы белгісіз біреулер осы зираттағы ескерткішті ұрлап кеткен. Ал биыл олардың 3 жаста көз жұмған баласы Ахан Мәмбетов-Жұбановтың зиратына қойылған құлынның мүсіні ұрланған. 

2015 жылы Семейде ардагерлер жер­ленген зиратты вандалдар қиратқан. Ал соғыс ардагерлері жерленген зират 40 жыл бұрын жабылған еді. Сол жылы Қостанай облысында 24 жастағы азамат Заречный елді мекеніндегі мүсінді қират­қан. Ол, тіпті мүсінді кесу үшін арнайы жабдықтарын да ала келіпті. 

Әрине, бұл оқиғаларда вандализммен қатар ұрлық белгілері де бар. Қаскөйлер зираттардағы түрлі металдарды өткізіп, пайда табуды көздеген болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, ересектердің ісі. Сол ере­сек азаматтар табиғатты да бүлдіріп жатады. Мәселен, 2020 жылы Ақмола облысындағы Көбейтұз көліне джиппен кіріп кеткен жүргізуші ұсталған. Әрине, балшықты көлде тұрған не бар дерсіз, бірақ ол экологиялық вандализм болып саналар еді. Бірақ Ақмола облысының полицейлері жүргізушіні «жалпы, су пайдалану ережелерін бұзу» және «жалпы, аумақты ластау» дейтін баптар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты да, 13 890 теңге ғана айыппұл салды. Ал Рим­де көлге көлікпен кірмек түгілі қала­дағы субұрқақтарға да шомылуға бол­майды. Жазасы жеңіл емес. Бірден 450 еуро айып арқалайсыз. Қазақтың 225 мың теңгесі деген сөз бұл.

Биыл жазда Маңғыстау облысындағы Ыбықты сайдағы тасқа балғамен жазу жазған Манас Көшербаев деген азаматтың әрекетті жұртты шулатқан. Оның әрекетін де вандализм деуге болады. Одан бөлек, қалаларда лифтілерді қирататындар, сая­бақ­тағы орындықтарды бүлдіретіндер де кездеседі. «Тәртіп бұзу» ретінде бағала­ғанмен, бәрі де вандализмнің белгісі. 

Балалар вандал болса не істейсің?

Айтпақшы, медиада, кейбір зерттеу еңбектерінде «балалар вандализмі» дейтін термин кездеседі. Яғни, вандализмге құ­мар адамдардың арасында балалар да бар. Біздің пайымдауымызша, оң-солын та­нымайтын, ерігуі, желігуі көп жасөспі­рімдердің арасында вандализм құблыс­тарының көрініс беруі жақсы емес. Бұл жағдай тәрбие мәселесіндегі олқылық­тарымыздың тағы бір пердесін ашады. Демек вандализммен күресте отбасы, мектеп және қоғам үштігінің тізе қосқаны керек. Әйтпесе, кейін ірі тарихи ескерт­кіштерді бүлдіріп, пайда табу үшін көне қорымдарды қазатын, заң үстемдігін мойындамайтын буын өсіп шығады деген сөз. Сөзіміз дәйексіз болмасын, балалар вандализмінің бірнеше мысалын келті­релік. Мәселен, 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысында мектеп оқушылары зираттағы ескерткіштерді қиратып, құл­пытастардың үстіне бояу төккен. Олар 12 зират пен қоршауды зақымдапты.

2021 жылы Өскеменде 9 және 11 жас­тағы екі баланың Даңқ мемориа­лында жазылған есімдердегі әріптерді күйдіргені белгілі болды. 

2022 жылдың маусымында БҚО Бәй­терек ауданы Трекин ауылындағы зиратта 14 крест қиратылған. Кейін зиратты бүл­діргендер 1-2 сынып оқушы­лары екені анықталды. 

2022 жылы Атырау облысы Құлсары қаласында 6-7 сынып оқушылары бала­бақшаға кіріп, ойын алаңын қират­­қан, терезелер мен балалар шкаф­тарын сын­дырған. Қуыршақтарды жыртып, ойын­шықтарды бүлдірген. Күзетші екі баланы ұстап алыпты. 

Қысқасы, айта берсек, мысал көп. Бір сөзбен айтқанда, вандализмнің тамыры тереңге кетті деген сөз. Қазақтың «еңбек­те­ген сәбиден, еңкейген қарияға дейін» деп келетін астары тәуір тіркесін, өкініш­ке қарай, вандализмге қатысты қолдануға мәжбүрміз. 

Жастардың жақсы бастамасы

Сөзіміздің басынан бері келеңсіз оқи­ғаларды мысал еткенімізге бола елімізде вандализмге қарсы шаралар атқарылмай жатыр деген ой тумауы керек. Мемлекет заң­ды күшейтуге, жауапкершілікті арт­тыруға көңіл бөле бастады. Президент те ұдайы қоғамдық тәртіп мәселесін айтумен келеді. Полиция да түрлі рейдтер ұйым­дас­­­тырып жатады. Дегенмен вандализм­мен күреске «AMANAT» партиясының Jastar ruhy жастар қанаты тың серпін берді. Оны сөз басында айттық. Jastar ruhy Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Ескендірованың айтуынша, белсенді азаматтар қазан айының 20-нан бері арнайы акция өткізіп жатыр. Акцияға 1 500-ден астам қыз-жігіт қатысыпты. Олар 500-ден астам ескертіштегі вандал­дардың «қолтаңбасын» өшіріп, киелі жерлерді тазалаған. Шара бары­сында қоқыстан тазалау да ұйымдастырылады. Бас­таманы депутаттар да қолдауда. 

Jastar ruhy жастар қанаты белсен­ді­­­­­лерінің бастамасын қоғамда қол­дау­­­шы­­­лар аз емес. Айталық, бірер күн бұ­­­рын KAZ ALPINE CLUB қоғамдық бір­­­­лес­­­­­­тігінің (альпинистер қауым­дасты­­­ғы) мүшесі Денис Лукянчук мә­селені шешу үшін ұсыныстар жи­нақтал­­ған пе­­­ти­­­­ция жариялады. Үш күн ішінде пети­­ция­­­ға 11 200-ден астам адам қол қойыпты.

Демек қоғам вандализм құбылыс­тарына іштей қарсы деген сөз. Алайда кей­бір отбасындағы тәрбиенің төмендігі, азаматтардың ел алдындағы жауапкер­шілікті сезінбеуі вандализмге толық тосқауыл қоюға мүмкіндік бермей тұр. Дегенмен Jastar ruhy жастар қанатының бастамасы жалғасқан сайын оны қолдау­шылар қатары да артары сөзсіз. Ал мемле­кет жағымсыз құбылысты азайтуға септігі тиетін құқықтық нормаларды жетілдіре беруге тиіс. Бірақ бәрібір сананың сәуле­ленуі маңызды. Қазақ «бала бер, бала берсең сана бер» дейтін еді.

Ақерке ЕСКЕНДІРОВА,

 Jastar ruhy жастар қанаты төрағасының орынбасары:

Биыл 20 қазанда «AMANAT» пар­тия­сының Jastar ruhy жас­­тар қанаты Қа­­зақ­стан­­­ның тари­­хи, мә­дени және та­­­биғи мұрасын ван­­дализмнен сақ­­­­­­тауға ба­­ғыт­­тал­­ған респуб­ли­калық ауқымды акцияны бастады. Іс-шара Республика күніне орай ұйым­­дастырылды. Акцияның мақ­­саты – тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғам­ның назарын аудару, сон­дай-ақ туған жердің табиғаты мен тарихына жауап­кершілікпен қарауды қалып­тас­тыру.

Акцияның алғашқы күні Жастар қа­натының 50-ден астам белсендісі «Бура­бай» мемлекеттік ұлттық табиғи пар­кінде орналасқан «Жұмбақтас» жартасын та­зарт­ты. Игі іс еліміздің өзге өңірлерінде жалға­сын тапты. Жастар қанатының белсенділері – «Тамғалы тас» петроглиф­терін, «Ақбауыр» шатқалын, Ш.Құдай­бердіұлының, С.Сейфуллиннің, Кене­сары ханның, «Стелла» ескерткішін, сая­­си қуғын-сүргін құрбандарына арнал­ған ескерткіштерді, «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қараман ата» жерасты ме­шіттері мен «Ыбықты сай» шатқалын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы қорғанын, «Қалжан ахун» ауыл кесенесін, Қошқар ата өзені маңын, «Медеу» мем­лекеттік-өңірлік табиғат паркін артық жазулар мен қоқыстан арылтты. 

Jastar ruhy жастар қанатының белсен­ділері мен еріктілері ескерткіштерді, ұлт­тық саябақтар мен тарихи орындарды қо­қыстан тазарту жұмысын жалғастырып жатыр. Өңірлерде арнайы орындар таң­дап алынып, экологиялық акция жал­ғасын табуда.

Тек акциялар мен сенбіліктермен шек­­­­­­телмей, біз іс-шаралар кешенін жү­­зе­­ге асырамыз. Белсенділердің, сарап­шылардың, Мәжіліс депутатта­рының, қоғам қайраткерлері мен студенттердің қатысуымен Bir tolqynda және «Рухтастар Casses» кездесулер өткізудеміз. Осындай іс-шаралардың бірі – әлеуметтік зерттеу. Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алма­ты қаласында 18-50 жас аралығын­дағы 100-ден астам адамнан сұхбат алынды. Азаматтар вандализмге қарсы күрестің тиімділігін арттыру және оның алдын алу бойынша түрлі ұсыныс пен идея ай­­­та­­­­­­­­ды. Зерттеу қорытындылары қажетті шешім­дер қабылдау үшін Мәжіліс пен Үкіметке берілетін болады. Қоғамда орын алып жатқан мәдениетсіздік, ван­да­­­­лизм мәсе­ле­сін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау ор­ган­дарының бас­шыларымен кеңесінде айтып, ерекше назар аудару керектігін де тоқталды.

Сонымен қатар алдағы уақытта Жас­тар қанаты атаулы акцияның ауқымын кеңейтіп, қатарымызға эколог маман­­­дарды қосып көзден таса қалып қойған тарихи орындарды қамтуды көздеудеміз. Акцияға қатысып, өз үлесімді қосамын деу­ші жастарға, еріктілерге әрқашан ашықпыз.

Серік ЕРҒАЛИ, 

мәдениеттанушы:

 Вандализмнің пайда болуына бір­неше фактор әсер етеді деп есеп­теймін. Ең ал­дымен, тәр­тіп-тәрибенің на­шарлы­ғы­нан, екін­шіден, мә­дени құн­ды­лық­тар­дың сіңі­­ріл­­меген­дігінен вандализм туын­дай­­ды. Мұны жастар арасындағы құ­­­­бы­­­­­лыс деп есеп­­тейік. Бірақ вандализм ересек адам­­­­­­дардың арасында да аз кез­дес­пейді. Бұл деге­ніңіз – мәдени-пси­хо­­ло­гиялық лаң­кес­­­­­тік.  Оған теріс идеоло­гия, қоғамда жа­­­­сам­­­­паз­дықтың орнамай, қиратушылық түсінік­тің қа­лыптасуы да әсер етеді. Мұ­ның бар­лығы адам бойын­дағы мәдени құн­­ды­­лықтарды жойып, өшпенділік, қи­ратымпаздық дағдыны қалыптасты­­ратын болса керек. Яғни, елде, қоғамда жасам­паздық болмаса, ор­нын қиратымпаздық басады. Жасам­паз­дықтың орнамауы кесі­­рінен елдің жал­пы дамуы да көңіл­дегідей бол­май тұр. Ал қиратым­паз­дықтың қо­­­­ғам­­­дағы кө­ріні­сі – ван­дализм. Қазір ван­да­лизм қазір қоғамның барлық сала­сында көрініс тауып жатыр. Тек заттай, тарихи-мәдени ескерт­кіштерді қирату, таби­ғатты бүлдіру ғана емес, ұлттық құн­ды­лықтарды жоққа шығару, терістеу, оны бұрмалау, өзінің қолайына жағаты­ндай етіп басқаша интер­претациялау, теріс идеологияға икем­­­­­­­деу де вандализм деп есептеймін. Ұлт­тық құндылықтарды аяқ­аст­ы еткені­міз­­­дің кесірінен ванда­лизм етек алып отыр. Сондықтан көзге көрі­нетін және кө­­­рінбейтін вандализм бар деп есептей­мін. Бұл – жағымсыз құбылыс тәрбиеден бастап, психологияға дейін қамтитын кең ауқымдағы дүние. Ван­дализм мәсе­лесіне тереңірек үңілген дұ­рыс. Айыптау, соттау, кінәлау арқылы біршама тежеуге болатын шығар, бірақ тамырына балта шабу қиын. Сол себепті вандализммен күресте жасам­паздықты насихаттау, еңбектің қадірін арттыру, мәдениеттің құндылығын қал­пы­на кел­тіру маңызды. Бұл бағытта мем­лекет бет­бұрыс жасай­тын қадамдарға барғаны жөн деп білемін. 

Ардақ СҰЛТАН