JOLTAP жобасының мақсаты – мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру және халықтың табысын арттыру үшін мүмкіндіктерді таңдауға көмектесу, әсіресе декреттегі аналар мен жұмыссыз жастарға қолдау білдіре отырып, жаңа мамандықтарға үйрету, табыс табу жолдарын көрсету. Халықтың табысын арттыруға және жұмыспен қамтуға бағытталған бұл бастаманы елорда әкімдігі мен бірқатар мүдделі мемлекеттік орган бірлесе іске асырып отыр. Жобаның бірлескен басты операторы – «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры. Жоба – мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен күш-жігерімен құрылған тиімді жүйе ретінде танылып үлгерді. Сонымен қатар қала әкімдігінің бұл бастамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнімді жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, белсенді әлеуметтік саясаттың қажеттілігі туралы тапсырмаларын орындау, әлеуметтік реформаларды тиімді жүзеге асыру мақсатын көздейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба құралдары тұтастай алғанда қазіргі әлеуметтік реформаларға тиімді қосымша қызметін атқарады.
Жоба аясында Freelance Mumkindik қысқамерзімді оқыту бағдарламасының екінші кезеңі қазіргі кезде нарықта сұранысқа ие цифрлық мамандықтарды үйретуге бағытталған. Оқу бағдарламасы бизнес көшбасшыларының талаптары мен стандарттарына сай құрастырылған. Бұл Freelance Mumkindik оқыту жүйесі 1 айды қамтиды. Бағдарлама ұйымдастырушыларының айтуынша, білім алуға өтініш білдіргендердің 60 пайыздан астамы – елорданың 35 жасқа дейінгі жұмыссыз тұрғындары. Freelance Mumkindik оқыту жүйесі негізінде жылдың соңына дейін 500 азаматқа 7 өзекті цифрлық мамандықты үйрету жоспарлануда.
Қазірдің өзінде модульдік пункттер арқылы 2 мыңнан астам азамат цифрлық мамандықтар бойынша қысқамерзімді оқытуға жазылды. Барлық модульдік пункттерді «Халық» қоры ұсынады. JOLTAP жобасының тағы бір артықшылығы, табысын арттыруға мұқтаж азаматтарды белсенді түрде анықтауға және оларға мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес беруге таптырмас мүмкіндік болып отыр. Өйткені мұндай модульдік пункттер қаланың әрбір ауданындағы халық көп баратын ыңғайлы жерлерде орналасқан. Қала бойынша 10 модульдік пункт үздіксіз жұмыс істеп тұр. «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері күн сайын сағат 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін түрлі сұрақтармен келген халыққа қолжетімді және нақты сұрақтарға нақты жауап береді. Консультанттар JOLTAP жобасының оқу бағдарламаларымен қатар, тұрғын үй бағдарламалары, бизнесті қолдау, әлеуметтік көмек және еңбекпен қамту сұрақтары бойынша да жан-жақты ақпарат береді. Бұған дейін «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері арқылы 52 мемлекеттік қолдау шарасы бойынша бизнес ашу үшін грант пен микроқаржыландыру бағдарламаларына қатысуға 720 адам өтініш берген.
Жақында басталған Freelance Mumkindik оқыту жүйесінің екінші легіне қатысушы 215 азамат 7 цифрлық дағды бойынша оқуға кірісті. Аптасына екі сабақ өткізіледі. Freelance Mumkindik қысқамерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындарын қамтиды. Түлектер арасындағы сұрастыру нәтижесінде білім алушылардың жартысы ресми түрде жұмысқа тұруға немесе фриланс бойынша тапсырыстар алуға қызығушылық танытқан. Олардың 10 пайызы өз ісін ашпақшы, ал 22 пайызы әрі қарай оқуын жалғастырғысы келеді. Бағдарлама аясында үш жылдың ішінде жұмысшы және цифрлық мамандықтар бойынша 10 мың адамды оқыту жоспарланған. JOLTAP жобасы аясында оқыту тегін. Жобаға кез келген адамның қатысуына болады, курс сабақтары тегін жүргізіледі.
– Астана тұрғындарының дамуға әрі кәсіби өсуге талпынысы жоғары. Азаматтар оқуға, дағдыларды үйренуге, бизнес ашуға қызығушылық танытып отыр. JOLTAP жобасы арқасында 10 мың Астана тұрғыны жұмысшы және цифрлық мамандықтары бойынша оқып, сертификатталған маман атанады. Жоба – мемлекет, бизнес және қоғамның бірлесіп құрастырған тиімді жүйесі. Біз жаңа серіктестіктер мен әріптестікке ашықпыз, – дейді жоба жетекшісі Дана Жүнісова.
Freelance Mumkindik бағдарламасына енген 7 цифрлық дағдыны, атап айтсақ, таргетолог, SMM, видеограф, маркетплейс, мобилограф, графикалық дизайнер және уеб-дизайнерді (сайттарды әзірлеу) қамтиды. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушылар сертификат алады, ал олардың кандидатуралары JUMYS TAP Telegram-ботында жарияланады.
– Жастар үшін цифрлық дағдыларды меңгеру табысты мансаптың ажырамас бөлігіне айналды. Көптеген бағыт ішінде біз жаңа мүмкіндіктер әлеміне жол ашатын және еңбек нарығында артықшылық беретін жеті цифрлық дағдыларды атап өттік, – деп жазды JOLTAP жобасының баспасөз қызметі.
Атап айтар болсақ, жобасы аясында Астанада 3 200 азаматқа кеңес берілді. Қала тұрғындары мемлекеттік қолдау шаралары және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жайлы ақпарат алды. Олардың 870-і – әлеуметтік осал топ өкілдері. Сонымен қатар қысқа мерзім ішінде заманауи мамандықтың иесі атанып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін жобаға қала тұрғындарының сұранысы өте жоғары.
– Таргетолог мамандығы үйде отырып жұмыс істей беруге ыңғайлы болғандықтан, осы мамандықты оқуды таңдадым. 5 баланың анасымын. Бұрын мемлекеттік мекемеде жұмыс істегенмін. Қазір 3 балам балабақшаға барады, оларды апарып, әкелетін адам жоқ. Сондықтан жұмыстан шығуыма тура келді. Үйде қарап отырмайын деп ылғи жаңадан шыққан онлайн курстарды сатып алып жүрдім. Ақылы түрде мобилография, SMM курстарын оқыдым. JOLTAP жобасы аясында маған заман ағымына сай «Таргет» курсы қызығырақ көрінді. Жолдасым – бокстан жаттықтырушы. Оның бокс мектебін жарнамалап, жазылушыларын көбейтуге пайдам тисін деп те ойладым. Әзірге жолдасымның бокс мектебін қалай жақсы жарнамалау туралы ізденіп жүрмін. Достарымыздың да кәсібі бар, мүмкін оларға да пайдам тиер. Курсты жақсы меңгеріп, таргетолог болып жұмыс істегім келеді. Бұл қолымнан келеді деп ойлаймын, – дейді «Таргет» курсының қатысушысы Данагүл Алпысбайқызы.
Жоба туралы алғаш құрбысынан естіп, модульдік пунктке мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алуға барған, Данагүл Алпысбайқызы сол жерде цифрлық дағдыларды игеру бойынша тегін білім алу туралы шешім қабылдайды. Оның айтуынша, таргетолог мамандығы бойынша оқу басқа мамандықтарға қарағанда қиын. Бірақ бастапқы 3 сабақтың өзінен көп мәлімет алғанына қуанышты.
– Курстардың тегін оқытылуы – көп адамға үлкен мүмкіндік. Өйткені ақылы курстарға қатысуды кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан бұл өте жақсы бастама деп есептеймін. Әдетте «Тегін курстарда білім жоқ» дегенді жиі естиміз, алайда JOLTAP бағдарламасындағы берілген білім ақылы курстармен тең екенін байқадым. Осы орайлы сәтті пайдаланып, қала әкімдігіне, бағдарламаны ұйымдастырушыларға рақмет айтқым келеді. Адамдардың әлеуметтік жағдайына қарамастан мемлекет тарапынан тегін оқи алатынына қуанамын. Курста алған біліміме де көңілім толады, – деді Данагүл Алпысбайқызы.
Жобаны ұйымдастырушылар бағдарлама бойынша тегін кеңес беру, нарыққа қажет сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту келесі жылы да жалғасатынын айтып отыр. Олардың айтуынша, бағдарлама аясында 2024 жылы 3 мыңдай адамды оқыту жоспарланған.
Жоба басталғалы бері консультациялар күн сайын «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінде төмендегі мекенжайлар бойынша күнделікті сағат 10:00-19:00 аралығында көрсетілген уақытта жүргізілуде:
Ailand ОДО, Қорғалжын тас жолы, 2;
Magnum супермаркеті, Еділ көшесі, 26;
Күнделікті сағат 10:00-20:00 аралығында:
«Жастар» сарайы Республика даңғылы, 34;
«Тұлпар» СО Ш. Уәлиханов көшесі, 24;
Euromall СҮ, Қосшығұлұлы көшесі, 23;
«Встреча» СҮ Абылай хан даңғылы, 31;
Mechta СҮ, Сығанақ көшесі, 3;
«Азия парк» СОО Қабанбай батыр даңғылы, 21;
Күнделікті сағат 10:00-18:00 аралығында:
«Саянұр» базары Тілендиев даңғылы, 24/5;
«Big Шанхай» базары, Алаш тас жолы, 32а.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ