Еркіншілік жұрты екі айдан бері сусыз отыр

Елорданың тап іргесінде тұрса да, судан таршылық көріп отырған ауылдар әлі де болса азаяр емес. Керісінше күн санап қарапайым қажеттіліктердің өзі ас­қақ арманға айнала бастаған ауылдардың саны еселеп өсе бас­тағанын байқайсың.

Елорданың тап іргесінде тұрса да, судан таршылық көріп отырған ауылдар әлі де болса азаяр емес. Керісінше күн санап қарапайым қажеттіліктердің өзі ас­қақ арманға айнала бастаған ауылдардың саны еселеп өсе бас­тағанын байқайсың.  

Бір кездері бес мыңнан астам адам түтін тү­теткен ауылда қазір небәрі 4 мың­нан сәл ғана асатын халық тұрады. Ха­лық­тың негізгі тіршілік көзі – қорасындағы бес түйір малы. Дегенмен былтыр облыстан ек­пе дәрілердің уақытында жеткізілмеуі сал­дарынан мыңдаған малға аусыл тиіп, қы­надай қырылып қалған еді. Олардың ара­сында миллиондап несие алып мал алған ша­ғын шаруалардың жігері құм болып, қу та­қырға отырғандары да баршылық. 

Мал азабын бастан кешірген жұртты ен­ді қарапайым қажеттілік – су азабы қатты қыспаққа алып тұр. Осы уақытқа дейін ауыл­ды сумен қамтып келген ескі ұңғы­ма­­ның суы осыдан екі ай бұрын таусылып тын­ған. Одан кейін екі мәрте құдық қазыл­ғаны­мен су қоры аз әрі аса тұзды болып, қолдануға жарамсыз техникалық су болып шықты. Тұрғындардың айтуынша, судың сапасы тым төмен болғандықтан тұрғындар ара­сында жара шыққан, асқазан-ішек жолдары аурулары пайда болған адам­дар­дың қарасы көбейген. Суды көлігі барлар көр­шілес Еңбек ауылынан яки Ерейментау­дан тасып ішіп отыр. Ал көлігі жоқ адамдар ащы болса да осы тұзды суды пайдалануға мәж­бүр. Бұл судың да барланған қоры тым аз болып шықты. Малы әлі қораға кіре қой­маған жұрт қар түссе жағдай тіпті қиындап, қа­сық суға зар болып қаламыз ба деп қапа­ла­нады. Алайда түйткілді жағдайдың түйіні жуық арада тарқатыла қоймайтын сияқты. 

– Екі айдан бері мүлде сусыз қалдық де­сек те болады. Осыған дейін барлық ауыл қол­данып келген су ұңғымасындағы су тау­сылып қалған. Одан кейін 60 метр тереңдікте құдық қазған. Бірақ су шықпай қалды. Бол­маған соң жанынан тағы қазып 90 метр бол­ғанда су шықты. Бірақ судың сапасы өте төмен әрі тұзды болды. Жұрттың көбінің іші ауы­рып, денесінің әр жеріне жара шық­қан­дар көбейіп тұр. Қазақылықпен ауруханаға бар­мағанымен науқастанған адамдардың саны өте көп. Күні кеше ғана үстіне жара шы­ғып кеткен баланы көлігіммен Ерей­мен­тау аудандық ауруханасына апарып келдім. Бұлақтың суымен жуындырып қазір аздап тәуір болып қалыпты. Дәл қазір ауыл шама­мен 400 текше су қолданады екен. Бірақ ұң­ғы­мадағы су бұл қажеттілікті де қанағат­тан­дыруға жетпей тұр. Ауылдың малы әзірге кү­зеуден қораға кірген жоқ. Мал келсе су­дың мүлдем сусыз қаламыз. Халықта үйле­рін­де құдығы жоқ. Суды мүлдем ішуге жа­ра­маса да ішуге мәжбүр. Қазір дүкеннен са­тып алып ішейік десек те су болмай қалып жа­тыр. Ауданнан құзырлы мекеме суға қоры­тынды берген. Бірақ судың құрамын­дағы тұздылыққа осыдан бір жыл бұрынғы де­рек­терді таңып жіберген сияқты. Енді су­ды тәуелсіз сараптамаға бермек ойымыз бар, – дейді Еркіншілік ауылының тұрғыны Мұхаммед Болатұлы. 

Түйінді мәселені Ерейментау ауданынан облыстық мәслихат депутаты Бекім Әкімов те көптен көтеріп жүр. Депутат ауылдағы су мә­селесін шешуде аудандық бюджеттің же­тіспейтінін алға тартты. Сондықтан аудан әкім­інің есептік кездесуінде кезекті рет кө­терілген мәселеде облыстық бюджеттен қо­сымша қаржы бөлінбесе түйткілдің уақы­ты­лы шешімін табуы екіталай екенін мойын­дады. 

– Иә, Еркіншілік ауылындағы су мәсе­ле­сі қазір ауыл жұртын қинап тұр­ғаны рас. Аудан әкімдігінде өткен аптада ға­на есептік кездесу болды. Бұл мәселені Ақ­мола облысының энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық басқар­ма­сына да хабарлап, облыстан тиісті қара­жат­тың бөлінуін сұрадым. Суды қазір Ер­кін­шілікпен қоңсы қоныс тепкен бес ша­қырымдағы Еңбек ауылынан тасып ішіп отыр­ғандар бар. Міне, осы ауылда 2018 жы­лы барланған су қоры бар. Содан құбыр­мен су жеткізсе мәселе шешімін табар еді. Бірақ аудандық бюджетте мұндай қаражат жоқ. Сол себепті облыстан мәслихат шеші­мін күтпестен жоба жасап, экскаватормен қазып, құбырлар орнатса, мәселе шешімін табар еді. Ауылда су құбыры қазылып, халық тұтынып жатқандықтан, төтенше жағдай жариялауға жатпайды, – дейді Ақмола об­лыс­тық мәслихатының депутаты Бекім Әкімов. 

Ауылдағы су мәселесінің  аса күрделі жағ­дайда екенін Ерейментау ауданы әкімдігі де мойындады. Алғашқыда әкімдіктегілер «Ауылдан бес шақырым қашықтықтағы Еңбек ауылынан су тарту үшін станса ор­натып, екі экскаватормен қаза береміз ай­на­ласы бір айдың ішінде суды тартып бере­міз» деп уәдені үйіп-төккен. Алайда ауыл­дағы жұрттың қуанышы ұзаққа созылмады. Айналасы бір тәулік ішінде әкімдіктегілер көрші ауылдан су әкелудің мүмкін болмай­тынын қайта хабарлаған. Ерейментау ауда­нының әкімдігіндегілер жағдайды зерттей келе қазылған ұңғыманы түзетуден басқа амалдары қалмағанын айтады. 

– Қазылған су ұңғымасы тұзды болып шықты. Еңбек ауылына АРЭК өкілі және бас­қа да құзырлы орындардың өкілдерімен арнайы барып қайттық. Бірақ біріншіден, суды Еңбек ауылынан жеткізу қомақты қар­жыны қажет етіп тұр. Сонымен қатар АРЭК-те бұл жобаны мақұлдамады. Қомақ­ты қаражаты облыс әкімдігінен де алу ұзақ уақытқа созылады. Сондықтан қолда бар Ер­кін­шіліктегі су ұңғымасына сүзгі орнатып, тазартып амалдауды жөн көріп отырмыз. Әзірге басқа амал болмай тұр, – дейді Ерей­ментау ауданы әкімінің орынбасары Саят Ержанұлы. 

Сонымен, әзірге 5 мыңға жуық халқы бар ауыл жұртының мәселесі жуық арада шешімін табар түрі көрінбейді. Ауданның бюджет қоржынында ауылға су тартып бере алатындай қаржысы жоқ. Облыстан қосымша қаржы қарас­ты­рыл­­са ғана мәселе шешімін таппақ. Бірақ ол үшін де тағы қағазбастылық пен азуын айға білеген ірі компаниялардың «рұқсаты» қажет екен. Сонда сапасы төмен суды тұ­тынуға мәжбүр болып, айдың-күннің ама­нында денсаулығынан айырылған ха­лық­тың өмірі мен денсаулығы қаншаға ба­ға­ланбақ? Жағдай «Aiqyn» газетінің одан әрі де бақылауында болмақ... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы