Бағаласаң, кітапхананы бағала!

Кітап – қазына болса, кітапхана – сан ғасырларға куә білімнің киелі шаңырағы. Балалар мен жасөспірімдердің ғана емес, жалпы кез келген азаматтың рухани толысып, білімін ұштайтын, керекті мәліметтерін алатын ең қолайлы жері. Ал интернетті қызық көрген балалар қазір рухани орданың табалдырығын аттап жүр ме?

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 300-ге жуық балалар кітапханасы бар. Елордамызда бірыңғай құрылымға біріктірілген 18 қалалық кітапхана бар, оның алтауы – балалар кітапханасы. Бұл кітапханалардың тұрақты оқырманы күн санап артып отыр. Жалпы, балалар мен жасөспірімдер кітапханасының оқырмандары мектеп оқушылары екенін ескерсек, олардың сұранысы да пәндік тапсырмаларды орындауға қажетті әдебиеттер екені анық. Небәрі 25 жасқа келген Астанада 45 жылдық тарихы бар орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасының бар екенін бірі білсе, бірі білмес. Кітапханада танымал кітаптардың орысша және қазақша аудармалары бар, әртүрлі жанрдағы кітаптар жеке секторда орналасқан. Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директорының орынбасары Гүлмира Айдарбекованың айтуынша, жоғарыда аталған 166 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхананың 9 000 тұрақты оқырманы бар.

– Мұнда орта білім беретін мектеп және музыка мектебінің оқушылары жиі келеді. Көбі фантастикалық жанрдағы кітаптарды таңдайды. Сонымен қатар балалар Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменовтің кітаптарын, 5-сыныптан бастап «Абай жолы», «Қан мен тер», «Ұшқан ұя» кітаптарын іздеп келіп оқиды. Одан бөлек, кітапханада көрме, мультфильм көруге арналған интерактивті тақта орнатылған. Бұл балалардың кітапханаға келуге қызығушылығын арттырады. Қазір ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, кітапхана оқырманымен жаңа үлгіде қауышуға дайындық үстінде, – деді мекеме қызметкері.

Кітапхананың тұрақты оқырмандарының бірі – Айнара Муфти. 7-сынып оқушысының кітапханаға келіп жүргеніне төрт жыл болыпты. «Бастауыш сыныпта оқып жүргенде сабақтан шығып, ата-анамды осы кітапханада күтіп отыратын едім. Ол кезде мені кітап беттеріндегі суреттер қызықтыратын. Қазір сабақ тапсырмасы бойынша кез келген мәліметті осы жерден табатын болдым, сабақ жоспарынан тыс көркем әдебиетті де сүйсініп оқитын болдым», – дейді оқушы.

Кітапқұмарлықты насихаттау отбасынан басталады

Балалар кітапханасы – жас оқырмандар үшін білім алуға, бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік беретін рухани орда. Бірақ қазір ғаламторға бойы бейім балғындар үшін бағзыдан келе жатқан ертегі кітаптары мен балаларға арналған газет-журналдар тіптен қызық емес дейтін пікір де бар. Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығының жоғалып, кітапханадан гөрі виртуалды «өмірде» белсен­ділігінің жоғары екені жөнінде психологтердің пайымы бір бөлек. Бүгінгі жастар арасында кітап оқитындар да бар. Дегенмен олардың басым бөлігі көркем әдебиетке емес, аниме жанрындағы кітаптарға қызығады. Психолог Мөлдір Рахметбектің айтуынша, мәтіні аз, суреті көп кездесетін кітаптарды оқы­­ған баланың әдебиет оқуға деген қызығу­шылығы бертін келе ашылатынын айтады.

– Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулуда, қызықтыруда отбасының рөлі зор. Бала берген бағдарға қарағанда, көргенін тез үйренеді. Ал кітапханада жас оқырмандардың қызығу­шылығын арттырып, зейінін ашу үшін жан-жақты зерделеп, түрлі әдістерді қолдануға болады. Қоғамда кітап оқыған адамның ойы жүйрік, қиялы ұшқыр болады. Ойлау қабілеті жоғары адамдардың жасаған дүниесі де ерекше болатыны сөзсіз. Мысалы, фильмдерден байқасақ, әр американдық отбасы балаларына ұйықтар алдында кітап оқып береді. Тура бір заңмен бекітілген тәртіптей. Міне, балаға бағдар айтпай, оны әрекетпен көрсету керек. Бала кітапты таңдағанда отбасы жағдайына байланысты таңдайды. Байқасаңыз, кей балалар жасына сай келмейтін мұқабадағы әлем әдебиеттерін оқиды: түрлі әрекеттің суреті бейнеленген анимелер, бояуы тым тұйық кітаптар. Тағы бір айта кетерлік жайт, қазір көптеген кітаптардың электронды түрлері бар, үй тапсырмасы үшін керекті мағлұматтарды интернеттен ала алады. Осы тұрғыда баланың кітапханаға баруын ата-ана жіті бақылауында ұстаған жөн деп айтар едім. Өйткені қолмен ұстап, сезініп оқыған бөлек нәрсе. Әрі үйренген дүниесі баланың санасында уақытша сақталмайды, – дейді Мөлдір Рахметбек.

Мамандар бала кітап оқу үшін әуелі отбасы институтын дұрыс қалыптастырып, ата-ана өзі кітап оқу арқылы баланы қызықтыруы керек дегенді алға тартты. Десе де, білім мен тәрбиені ұштастырып, балалардың рухани ордаға табан тіреуі үшін кітапханашылар мен ұстаздар да жұмысын ширата түсуі қажет-ақ. Әріп таныған әрбір бүлдіршін ұлттық болмысымызды білмей өссе, болашақта одан елдің жоғын түгендер азамат шығуы екіталай.

Балалар басылымы ақсап тұр

Бүгінгі бүлдіршіндердің арасында «Балдәурен», «Ақжелкен», «Балдырған» сияқты газет-журналдың әр санын сағына күтіп қарсы алатын балалар азайды. Шынында, бүгін желі жайлаған заманда балаларды қағаздан оқыту қиынның қиыны болып барады. Ертеден бері жалғасып келе жатқан газет-журнал оқу үрдісі тұйыққа тірелді. Балаларға арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы бір сұқбатында баланың кітапқа ден қоюы алдымен ата-анаға байланысты екенін айтқан еді. «Кезінде жүз мыңдаған тиражбен таралатын басылымдар қазір бірнеше мың данамен таралады. Олардың да халі мүшкіл, күн өткен сайын өрісі тарылып, тынысы буылып келеді. Қарап отырсақ, мемлекет бойынша шығатын балалар басылымы бас-аяғы онға жетпейді екен. Балалар басылымын жауып тастау немесе оны ақсату – келешекті ойламаудың көрінісі. Бұл ұрпақ тамырына балта шабумен бірдей» деген ақын ата-аналардың журналға жазылу бағасын қымбат көріп, әуре санағанына қынжылатынын айтқан еді. Расында, балаларға білім көкжиегін кеңейтетін танымы мол таңғажайып журналдан гөрі, бәрін ығыстырып тұтас қоғамның назарын өзіне бұрып алған телефонды алып беруі жанымызды қынжылтады. Интернет әлемінің әлегіне түскен балалар «ұлттық құндылықтарымыздан бейхабар болып өспей ме екен» деген сұрақ әр ата-ананың көкейінде тұруы керек. 

Ғаламтордан алған білім ағып жатқан өзен суымен бірдей. Ағынды тоқтата алмайсың. Өркениетті елдер түбінде кітапқа қайта оралады. Мәселен, Америкада жылына 3 миллион, Қытайда 760 мың (оның 50 мыңы роман) аталыммен кітап басылады екен. Қазақ әдебиетінің жаңашыл дара жазушысы Оралхан Бөкей жазғандай: «Адамға ауа қандай қажет болса, кітап пен кітапхана да сондай қажет».

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ