Астанада жаңа көше ашылды: бұл Тұран даңғылындағы кептелісті азайтады

Бүгін түнде, қарашаның 17-нен бастап бұл көшеде асфальт төселген жол қолданысқа беріледі.

Астанада жаңа көше ашылды. Бұл Тұран даңғылы мен қаланың жаңа бөлігіндегі кептелісті жеңілдетеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Шағын айналма жол құрылысы» жобасын жүзеге асыру аясында Сығанақ көшесінен Ұлы дала даңғылына дейінгі аумақ – Айтматов көшесінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

«Бүгін түнде, қарашаның 17-нен бастап бұл көшеде асфальт төселген жол қолданысқа беріледі. Айтматов көшесі сегіз жолақты болады, қазіргі уақытта көлік қозғалысы 4 жолақ бойынша ашық: екеуі бір бағытта, екеуі қарсы бағытта.

Айтматов көшесінің ашылуы қаланың жаңа бөлігіндегі Тұран даңғылы, Қабанбай батыр даңғылы, Сығанақ көшесі, Мұхамедханов көшелеріндегі жүктемені айтарлықтай азайтады», – делінген әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Айтматов көшесін Ұлы Дала даңғылына шығатын кеңейту құрылысын салу, оның ішінде көше жарығын орнату арқылы барлық 8 жолақ бойымен өтуді қамтамасыз ету, айналаны абаттандыру және барлық жол қозғалысын реттеу белгілерін орнату жұмыстары 2024 жылы жалғасатыны атап өтілді.