Алматы облысында жолаушылар автобусы өртеніп кетті

Оқиға орнына шұғыл түрде өрт сөндірушілер келді.

Алматы облысында электр сымдарының қысқа тұйықталуынан жолаушылар автобусы өртке оранды. Оның бейнежабасы әлеуметтік желіде тарап кетті, – деп хабарлайды, Aikyn.kz.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 17 қарашада сағат 16:29-да болған.

"Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Іле ауданы Байсерке ауылында жолаушылар автобусы өртенгені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына дереу өрт сөндіру бригадасы жіберілді", – деп жазды ведомстводан.

Өрттің алдын ала себебі – қозғалтқыш бөлігіндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы.

Өрт жарты сағатта толық сөндірілді. Абырой болғанда, құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Қызыл жалынды ауыздықтауға ТЖД-ның 3 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды, – деп мәлімдеді департамент өкілдері.