Атырау қаласында бір күнде бірден екі жол апаты тіркелді. Апат салдарынан 49 жастағы жаяу жүргінші мен жүргізуші көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі жол-көлік оқиғасы да кеше, 19 қарашада болған.
«Жергілікті уақытпен сағат 18:30 шамасында Атырау-Дамбы тасжолының бойында Toyota Hilux автокөлігі жаяу жүргіншілер жолағы жоқ тұстан өтпек болған 1974 жылғы жаяу жүргіншіні қағып құлатқан. Салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапты», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ал екінші жол апаты түнгі сағат 23:00 шамасында тіркелген.
«Атырау қаласындағы Исатай Тайманов көшесінің бойында «ВАЗ – 2115 және «ГАЗель» автокөліктері соқтығысты. Соқтығыс салдарынан «ГАЗель» автокөлігінің жүргізушісі түрлі жарақатпен облыстық ауруханаға жеткізілді. Ал, «ВАЗ – 2115» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында мерт болды», – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Қазір жол-көлік оқиғасының себебін анықтау үшін тиісті құжаттар жинақталып жатыр.