Қайрат Қожамжаровтың қайда жүргенін білесіз бе?

Бұрын Қазақстанның бас прокуроры болған, сенаторлықтан кейін саясат алаңында көрінбей кеткен Қайрат Қожамжаров та кеше Болат Назарбаевқа арналған аста бой көрсетті.

Журналистер одан қазір не істеп жүргенін сұрады, – деп хабарлайды Аikyn.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

«Қайғы болған соң... Елбасымен бірге қызмет жасадық. Сол себепті өзімнің сол кісіге деген көңілімді білдіргім келді», – дейді ол.

Журналистердің бірі Қайрат Қожамжаровтан «не себепті Қаңтар оқиғасынан кейін көрінбей кеттіңіз?» деп сұрап, «сіз білікті маман бола тұра» деп қосып өтеді. Осы сөз Қожамжаровтың буынына түсіп кетсе керек. Күлімдеп, «білікті маман деп бағалағаныңыз үшін рақмет» деп жібігендей болды.

«Мен қазір өзімнің жеке заң компаниясын ашқанмын. Сонда жұмыс істеп жатырмын. Қолымыздан келгенше мемлекеттің дамуына құқықтық үлесімді қостым деп санаймын. Заңгерлер әрқашан спортшылар секілді формада болуы керек. Ол үшін практикада жұмыс жасау керек», – дейді ол.

«Қазтаг» тілшісі Қожамжаровтан Наурызбай аудандық прокуроры Виктор Тихоновтың журналистер Сейітқазы және Әсет Матаевтарға қарсы кезінде іс қозғауы жөнінде не ойлайтынын сұраған. Қайрат Қожамжаров сот үкімімен олар сотталғанын айтты. Ал Жоғарғы сот оларды ақтағанын ескерткен журналиске «қорғаудың қандай да бір амалын береміз» деп екіұшты жауап беріп, көлігіне отырып кетіп қалды.

Еске сала кетейік, кеше Астанада Нұрсұлтан Назарбаев қайтыс болған інісі Болат Назарбаевқа арнап ас берді. Асқа «Ескі Қазақстан» атанған бұрынғы шенеуніктер жиналды. Асқа бұрынғы Сенат төрағасы, Мәжілістің бұрынғы депутаты Дариға Назарбаева, бұрынғы облыс әкімдері Гүлшара Әбдіқалықова мен Даниал Ахметов, экс-Президенттің күйеу балалары Тимур Құлыбаев пен Қайрат Шәріпбаев, Әнипа Назарбаева, белгілі адамдардан Қырымбек Көшербаев, Қайрат Мәми, Ерлан Тұрғымбаев, Қалмұханбет Қасымов, Нұртай Әбіқаев, Қайрат Қожамжаров, Ермұхамет Ертісбаев, Байбек Қыдырғали, Ахметжан Есімов, Өмірзақ Шөкеев, Мырзатай Жолдасбеков, Бүркіт Аяған қатысқан.