Дүбірлі додаға дайындық барысы туралы Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитовтен әңгімелестік.
– Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізуге дайындық басталды. Бұған дейін Қырғыз елі Ыстықкөлдің жағалауында, Түркия Изник көлінің жағасында кең далада өткізді. Бізде де арқа төсінде Есіл, Нұра екі өзен бар. Дүбірлі доданы күздің күні кең далада өткізуге мүмкіндік бар емес пе?
– Өткен жылы Көшпенділер ойынын Түркияда тамашаладық. Изник ауылындағы көл жағасында өтті. Тек қана доданы емес, Түркияның өзен-көлі, таулы аймақтың табиғатын да тамашалап қайттық. Түркия жарысты өзен жағасында өткізіп, Ыстықкөлдегі дәстүрді жалғастырды. Дарқан даласын, ұлттық ойындарын, салт-дәстүрін тамаша табиғат аясында насихаттады.
Біз де эстафетаны алғаннан кейін Көшпенділер ойынын Алматы облысы Қонаев қаласында өткізуді қарастырғанбыз. Қапшағай су қоймасы бар. Алатаудың табиғаты туристерге ұнайды. Бірақ ол жерде инфраструктура жоқ. Әкімдік жол төсейміз, қонақүй саламыз дегенімен, доданың өтуіне небәрі 10 шақты ай қалды. Жарысқа қажетті нысандардың құрылысы уақытылы аяқталатынына кепілдік жоқ.
Содан кейін Шымкент қаласын қарастырдық. Қаланың сырт жағында жаңадан салынған ипподром бар. Ары қарай өзен, таудың ауылы алыс. Көшпенділер ойыны ұлттық спорттың Олимпиадасы болғандықтан, ойласа келе, «жаңа форматқа көшейік» деген тоқтамға келдік.
Ұлттық ойындардың деңгейін көтермесек, ауыл-аймақ арасында қалып кеткен. Мәселен, қазақ күресі мен дзюдоны салыстырсақ та көзқарас екітүрлі. Екі жарыстың ұйымдастырылу деңгейі жер мен көктей. Мысалы, қазақ күресінен аламан дода Ақтауда өтіп жатқанынан көпшілік бейхабар. Ал дзюдодан жарыс өтсе, тайлы-тұяғы қалмай барады.
Әуел баста Көшпенділер ойынын Алматы қаласы, Алматы облысы, Шымкент және Астанада өткізсек деген ұсыныс болды. Таңдау Астанаға түсті. 2024 жылдың 8-14 қыркүйегінде жарыстың ашылу, жабылу салтанаты «Астана аренада» өтеді. Жаңбыр жауса, аренаның шатырын жауып қойғанға ыңғайлы. Екі рет Дүниежүзілік универсиадаға қатыстым. Олимпиадалық қалашық секілді қонақтарға да қолайлы болады. Жанындағы Жекпе-жек сарайында жарыстар өтеді. Барлығы бір жерде орналасқандықтан, сол маңайда өткізген қолайлы болып тұр.
– «Қазанат» ипподромы дайын ба?
– Ипподромға күрделі жөндеу жұмысы басталды. Жан-жағы кеңейтіліп жатыр. Қырғыз елінде жарыста 10 мың орындық ипподром болды. Сондықтан біз 3 мың орындық «Қазанат» ипподромын 5 мың орынға көбейтеміз. Қалған 5 мың орынды уақытша конструкциямен толықтырады. Көшпенділер ойыны өткеннен кейін 10 мың орындық ипподромды жиі пайдаланбаймыз. Сол себепті, негізгі 5 мың орын жеткілікті.
– Көшпенділер ойынында қазақтың ұлттық өнерін, тұрмыс-салтын насихаттау үшін этноауыл керек. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан әр аймақ Астанаға бір-бір нысанды сыйға тартса деп «Бір өңір – бір нысан» жобасын ұсынды. Ұлттық ойындарды ғимарат ішінде өткізу қызықты бола ма?
– Көшпенділер ойынына арналған этноауылды Астана қалалық әкімдігі дайындайды. Жарыстар «Астана Арена», «Қазанат» ипподромы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткізіледі. «Думан» қонақүйінің конференц залында тоғызқұмалақ секілді үстел үстінде ойнайтын ойындарды ұйымдастырамыз. Жарысқа қатысу үшін спортшыларға ыңғайлы. Көшпенділер ойынын Астанада өткізудің тиімді жағы спорт ғимараттары қайта жөндеуден өтіп, жаңарып қалады.
– Көшпенділер ойынын біздің елде өткізудегі мақсат – туризмді дамыту. Бұл бағытта қандай жоспар бар?
– Жарысты тамашалауға келетін қонақтарға Көкшетау, Бурабайдың табиғатын тамашалауға жағдай жасалады. Одан бөлек, Ұлы дала жорығын жарысқа қосып отырмыз. Солтүстіктегі Ботай қонысының тарихынан бастап насихаттамақ ниетіміз бар. Ежелгі қоныс Астанадан 400 шақырым қашықтықта орналасқан. Ботай қонысынан елдордаға дейін төрт күнде 400 шақырымдық межені бағындыруға арналған жарыс өтеді. Ботайдан ерте жылқыны қолға үйретіп, арғымақты әбзелдеп мінген мәдениет табылмаған. Жылқыны қолға үйреткен тайпалардың Ботай мәдениетін насихаттау үшін Ұлы дала жорығын бағдарламаға енгіздік. Көшпенділер ойынын Ботай қонысынан бастап, Астанадағы ашылу салтанатында жылқы тарихын насихаттаймыз.
– Жылқы тарихын зерттеу, насихаттау үшін ғылыми бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр ма?
– Көшпенділер ойынына дейін екі ғылыми конференция өтеді. Біз спортшылардың дайындығына жауаптымыз. Ұлттық спорт қауымдастығы ғылыми бағытты қолға алып жатыр. Ұлттық спорт қауымдастығына Көкпар, Жамбы ату, Аударыспақ, Теңге ілу, Бәйге, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Тоғызқұмалақ және Асық ату федерациялары топтасты. Әр федерация ұлттық ойындардың тарихын зерттеп, елге насихаттайды.
– Көшпенділер ойынында қанша спорт түрінен жарыс өтеді?
– Нақты 20 спорт түрі бекітілді. Оның 10-ы түркі халықтарына ортақ ресми бекітілген ойындар. Өзгесі өзара ұқсас ұлттық ойындар мен әр елдің өзінде ғана бар спорт түрі. Мысалы, күрестің бес түрі бар. Қазақ күресі, өзбектің кураш күресі, қырғыздың алышы, түріктің Аба күресі, корейдің ұлттық күресі бар. Интеллектуалды ойындардан: тоғызқұмалақ, түріктің мангаласы, Африка елінің вари (ovare – ред.) ұлттық ойынынан спортшылар сынға түседі.
– Қазақ елінің құрамасы қанша спорт түрінен бақ сынайды?
– Көшпенділер ойынында 20 спорттың барлық түрінен спортшы қатысады. Командалық есепте жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген үмітіміз бар.
– Жүлде қоры қанша болады?
– Жүлде қоры әр спорт федерациясы бөлген қаржыға байланысты болады. Мәселен, Көкпар федерациясы жүлдеге 10 миллион теңге бөлсе, 1,2,3-орын алған спортшылар өзара бөлісіп алады. Көкпардың жүлдесі ресми жарыста 10 миллион теңге болды. Жекелей сында 100-300 мың теңге аралығында берілді. Яғни, турнирдің демеушілері тағайындаған жүлде беріледі. Мәселен, жамбы атудан тың серпіліс бар. Жүлде қоры молайды. «Тайтұяқ» номинациясын тағайындады. Нысанаға дөп тигізсе, 400-500 мың теңгеден береді. Жарыс сайын 100 мың теңгеден үстеме қосылып отырады. Көшпенділер ойынында жамбы атудан жеңімпаз болғандарға 2 бөлмелі пәтер, 2-орынға – көлік, 3-орынға ақшалай сыйақы беріледі. Біздің мекеме медальмен марапаттаймыз, федерациялар қаржылай жүлдесін сыйға тартады.
– Ұлттық спортты дамыту бағытында аймақтармен жүйелі жұмыс жүргізесіздер ме?
– Әр ұлттық спорт түрінен федерациялар бар. Бірақ олар жарыспен шектелуге мәжбүр. Біздің ақсап жатқан тұсымыз – осы. Тіпті, спорт үйірмелері жоқтың қасы. Мәселен, Астананың өзінде балаға бәйгені үйрететін үйірме жоқ. Құсбегілік те тек қана қыран құсты баптап, аңға шығатын отбасыларда сақталған. Бұл дәстүр көбінесе, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр.
– Өзіңіз айтып отырған кем-кетікті түзеу үшін ұсыныс айтып көрдіңіз бе?
– Әуел баста ұлттық ойындарды мектеп бағдарламасына енгізсек деп ойладық. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық атуды мектепке сынақ режимінде қосымша сабақ ретінде енгіздік. Қазір Астанада 20-дан астам мектепте оқытылады. Енді садақ атуды тәжірибеден өткізсек деген жоспарымыз бар. Оқушылардың қауіпсіздігі маңызды. Сол үшін жебенің үшкір ұшы нысанаға тигенде жабысып қалатындай болуы керек. Қазір мұндай құралдар жеткілікті. Ұлттық құндылықты мектептен бастап там-тұмдап дәріптемесек, қызығушылық жойылады.
Қалада өскен бала жылқыдан қорқады. Қалада жылқыны күтіп-баптауға қыруар қаржы қажет. Жемшөбі де қымбат. Тиімсіз. Жылқыны тұрақты баптап ұстайын десе, ұлттық спорттан халықаралық жарыс аз өтеді. Мәселен, былтыр өткен Көкпар ойындарынан кейін көкпаршылар бірде-бір рет халықаралық жарысқа қатысқан жоқ. Келесі жылы өтетін Көшпенділер ойынын күтіп жүр. Қырғыз еліне, Өзбекстанға жарысқа барады. Бірақ оны халықаралық жарыс деп айтуға келмейді. Азия, Еуропа, әлем чемпионаты болмағандықтан, бәрі бекер. Өзіміз демеуші табылса ғана халықаралық деңгейде жарыс өткізе аламыз. Көкпар соңғы рет осыдан 6 жыл бұрын ЕХРО – 2017 көрмесі аясында өтті. Одан бері әлем чемпионаты да өткен жоқ.
Сол үшін ұлттық ойындар мектеп бағдарламасына енсе, балалар оқиды. 11-сынып бітірген бала қазақ күресі туралы жан-жақты үйреніп шығады. Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иман Жүсіптің батырлығын келер ұрпақ білсін десек, жан-жақты насихат жүргізуіміз керек-ақ.
Қазір ауылдың келбеті өзгерді. Бұрынғыдай ауыл жоқ. Соған қарай ұлттық спорттың да аясы тарыла береді. Қазір ауылға барсаңыз, жылқының жалына жабысып мінетін бала көрмейсіз. Телефонға үңіліп, үй ішінде ойнайды. Сол үшін заманауи нұсқаға көшірейік деген ұсыныс айттым.
Денешынықтыру сабағында балалар үшін қауіпсіз аттракцион, пультпен басқарылатын муляждарды қолдануға болады. Баланы жастайынан жаттықтырып, есейе келе, буыны бекіген соң жылқыға отырғызсақ деген ойдамын. Қалада сауда орталықтарының бір бұрышына садақ ату, боулинг сияқты асық атуды ұйымдастырсақ та болады. Мектепке ат жетектеп бармай-ақ, спортзалдағы гимнастикалық атты қолдансақ та жеткілікті деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Майра ЖАНЫСБАЙ