Аймақтық Саяси бюро кеңесінің шешімімен облыстық мәcлихат депутаты Айнагүл Балашева әйелдер қанатының кеңесшісі болып тағайындалды.
Ақмолалық белсенді әйелдердің басын біріктірген жобаның ашылуында облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Берген Беспалинов әйелдер қауымының қоғамдағы рөлін, олардың әрбір саланы дамыту мен нығайтуға қосқан үлесін айрықша атап өтті.
Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева әйелдер қанатының мақсат-міндетін жеткізді. Оның айтуынша, партия жанынан құрылған әйелдер қанаты отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесіп, отбасы құндылықтарын дәріп-тейді. Кәсіпкер әйелдерге қолдау білдіріп, нәзік жандылардың ғылыммен айналысуына жағдай жасайды.
Жиында облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының, Әйелдер күштері альянсының өкілдері мен шағын және орта бизнестегі қыз-келіншектер де сөз алып, өз жұмысынан ұйымдастырылған көрмені назарға ұсынды.
«Ана үйі» қоғамдық қорының Көкшетау қаласы бойынша үйлестірушісі Құралай Жұмабекова қиын жағдайда қалған әйелдерге пана болған орталықтың жұмысын, оның атқарған жұмысын баяндады. Орталық психологиялық және құқықтық көмек бере отырып, әйелдерді оқыту мен мамандық алуына жағдай жасап отыр.
Соңғы 15 жылда дүниежүзі бойынша әйелдерді ғылымға көбірек тарту бойынша көптеген іс атқарылуда. Осы орайда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры Айгүл Жақыпова ғылымдағы әйелдердің үлесіне тоқталды.
«Ресми мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша ғалым әйелдердің үлес салмағы басымырақ. Қазақстанда соңғы уақытта ғалым әйелдердің қатары көбейіп келеді және елімізді ол үшін барлық жағдай жасалған», – деді ол.
Жалпы, бүгінгі күні өңірде облыстық мәслихаттың депутаттары қатарында – 5, аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары қатарында 76 әйел бар. Аймақта әкім қызметін атқарып отырған әйелдердің қатары да аз емес. Жақсы ауданының және 42 кент пен ауылдық округтің тізгінін қыз-келіншектер ұстап отыр.
Аймақтағы саясат, білім, денсаулық, мәдениет, кәсіпкерлік, үкіметтік емес ұйымдар және т.б салаларда табысты қызмет етіп келе жатқан әйелдер, көпбалалы аналар қауымымен өткен басқосу еркін пікір алмасуға ұласып, түрлі ұсыныс-тілек айтылды.