Бұл ел өміріне тыныс қосып, қоғам өміріне серпін берген тарихи құжат болды. Мемлекет басшысы мұнда жаңа кезеңдегі Қазақстанның негізгі даму бағыттарын белгілеп берді. Соның ішінде экономика, әлеуметтік сала және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер жөніндегі жоспарлар айқындалған.
«Әділетті мемлекет» – «Әділетті экономика» – «Әділетті қоғам» атты үш тараудан тұратын бағдарламада алдағы 7 жылға арналған мақсат-міндеттер түбегейлі қамтылған деуге болады. Ал оның қалай жүзеге асатынын Президенттің: «Мемлекет монополияларды жояды, табыстың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Қолынан іс келетін еңбектенем деген әр азамат өзіне лайықты жұмыс табады. Көмекке мұқтаж кез келген азамат мемлекет пен қоғамнан қолдау көреді», – деген сөзінен-ақ ұғынуға болады. Осы үш тараудың соңғысында әлеуметтік сала қамтылған. Онда «Самұрық-Қазына» қорының таза табысының кемінде 7%-ы «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорына жыл сайын аударылатыны, жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заң қабылданатыны, мамандандырылған балалар мекемелері балаларды қолдау орталықтарына айналдырылатыны, мұқтаж азаматтар үшін коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындардың кемінде 30%-ын өтеу тетігі іске қосылатыны және тағы да басқа маңызды жайттар нақты айтылған. Мәселен, осы айтылғандардың ішінде бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем жасау мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Соның нәтижесінде, осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша шамамен 632 мың ата-ана 258 млрд теңгеден астам сомада төлем алды.
Бұрын тауар түрінде берілген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) монетизацияланды, яки аз қамтылған отбасылардан шыққан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілді әлеуметтік топтама азық-түлік жиынтығынан ақшалай көмек түріне ауыстырылды. Қорытындысында, биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 182 мың балаға 6 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалыпты.
Сондай-ақ ең үлкен бастаманың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Халқымыздың саны 20 миллионға жеткен күні Мемлекет басшысы осы жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосатын заңнамалық түзетулерге қол қойды. Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық бала арасында бөлінетін болады. Бала қаражатты кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе баспана сатып алуға пайдалана алады. Одан да өзге, бір жылдың ішінде жүзеге асып жатқан батыл бастамалар аз емес.
«Сайлауалды бағдарламада Президент әділетті әлеуметтік саясатты жүзеге асырудың заңнамалық тетіктерін бекітуді, әлеуметтік саясаттың басты басымдығы ретінде адам капиталын қалыптастырып дамытуды ұсынды. Оны еліміздің креативті экономикасын өркендетудің негізгі факторы ретінде айқындады. Геосаяси және геоэкономикалық күрделі жағдайға қарамастан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасында алға қойылған мақсаттар рет-ретімен, кезең-кезеңімен нәтижелі орындалып келеді. Тарихи құжатта адами капиталды дамыту экономикамыздың негізгі басым бағыты саналатын әлеуметтік саясаттың басты мақсаты екені көрсетілген. Әлеуметтік саясат экономикалық өсімсіз мүмкін емес болса, адами капиталды арттырмай экономикалық өсуге қол жеткізу де мүмкін емес. Осы ретте ең басты жаңалық, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Әлеуметтік кодекс аясында І топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасау уақыты зейнетақыны есептеу кезінде еңбек өтіліне ескерілетін болды.
Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізу жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрі бойынша қызметтер проактивті форматта іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Әлеуметтік әмиян» пайдалануға енгізілді. 2023 жылдың 10 айында 172,3 мың адам жұмысынан айырылу бойынша жалпы сомасы 37,8 млрд теңгеге әлеуметтік төлем алған. 2023 жылы азаматтарды жұмысқа орналастыру жоспарына сәйкес 847 мың адам жұмысқа орналасқан, оның 420 мыңы – жастар. Еңбек нарығының сұранысына дайын болу үшін «Кәсіптік біліктілік туралы» заңы қабылданды. Кәсіптік-техникалық білім беру күшейтілуде. Осылайша, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы нақты әлеуметтік бағытқа ие боп отыр. Оның нәтижелері адам капиталын дамытуға, азаматтарды әлеуметтік қолдауға бағытталған», – дейді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова.
Бұл бастамалар – сайлауалды бағдарламаның уақыт сынына сай дайындалған құжат екенінің дәлелі. Осыдан тура бір жыл бұрын елімізде өткен кезектен тыс президенттік сайлауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 80%-дан астам дауыс жинап, жеңіске жеткенінің заңдылығына көз жете түседі. Оның қызметіне баға бергенде, «екінші» президенттігінің бірінші жылы оңай болмағанын атап өткен жөн. Расында да, бұл жыл ол үшін де, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесі үшін де үлкен сынақ болды.
«Мемлекет басшысының ең зор еңбегі деп мен саяси және экономикалық жүйедегі үздіксіз және сабақтас реформаларын атар едім. Қазақстанда алғаш рет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау мүмкіндігі туды. Бұл Президенттің саяси жүйені өзгерту жөніндегі ниетін дәлелдейді. Қазақстанның экономикалық трансформациясы үшін үлкен қадамдар жасалды. Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына қарапайым да түсінікті міндеттер қойып отыр. Ол – жаңа реформалар халықтың әл-ауқатын арттыруға және ұлттық табысты әділ бөлуге бағытталуы тиіс екендігі. Одан бөлек экономикалық реформалардың тағы бір маңызды кезеңі – аймақтық саясат. Мемлекет басшысы экономикалық реформаларды жалғастыра отырып, өңірлердің бюджеттік дербестік деңгейін арттыруды тапсырды. Бұл шара өзекті мәселелерді жергілікті жерлерде шешуді айтарлықтай жылдамдатып, аймақтардың тұрақты ілгерілеуіне серпін береді.
Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыруда саяси институттар үлкен қолдау көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн. Саяси реформалардың нәтижесінде, Президент партия Төрағасы қызметінен кеткенімен, «AMANAT»-қа деген сенімі жоғары деңгейде қалып отыр. Сайлау кезеңінде Мемлекет басшысының сайлауалды штабының іргелі күші болған «AMANAT» партиясы түптеп келгенде, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңісіне үлкен үлес қосқанын еске сала кетейік. Енді бүгінде парламенттік көпшілікке ие «AMANAT» фракциясы Мемлекет басшысының барлық реформаларына заңнамалық қолдау көрсетіп келеді. Осы бір жыл уақытта партия отбасыларды атаулы және әлеуметтік қолдау, еңбек нарығын ырықтандыру сияқты тағы да басқа да көптеген өзгерістерді қамтитын Әлеуметтік кодексті әзірлеуге белсенді атсалысты. Азаматтардың төлем қабілетсіздігіне қатысты мәселелерді шешуге бағытталған «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңның қабылдануын қамтамасыз етті. Әлі де бізді алда еліміздің тұғырын нығайтып, әлемдік қауымдастықта лайықты орын алуына мүмкіндік беретін барлық саладағы күрделі реформалар күтіп тұр», – дейді «AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институтының Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің меңгерушісі Алтай Дюсекеев.
Тізбелей берсе, сайлауалды бағдарламаның мүмкіндіктері мол. Мәселен, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың жүйелі шаралары жүзеге асырылуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметіне сүйенсек, мүгедектігі бар азаматтарға 50 мыңнан астам қызметтер мен техникалық құралдар ұсынылған. Инклюзивті қоғамды қалыптастырып дамыту үшін мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсарту және қоғамның тең мүшесі ретінде қолдаудың жүйелі шаралары қабылдануда. Уақытша жұмысқа орналастырылмаған азаматтарды қолдау жүйесін күшейту, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін табыстың 45%-ына дейін ұлғайту бастамасы тағы бар. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларға орнықтырудың баламалы нысаны – асырап алушы кәсіби отбасылар институтын енгізу қолға алынған. Мемлекет басшысының қызметінің бірінші жылын қорытындылай келе, көп нәрсе атқарылғанын, бірақ әлі де көп нәрсе істеу керек екенін атап өткен жөн. Ал мұндағы басты мақсат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтқандай: «Қазақстанда әділеттілік орнату!».
Нұрлан ҚОСАЙ