Таразда жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды

Жаяу жүргінші оқиға орнында қайтыс болды.

Жамбыл облысының полицейлері “Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу шарасы барысында жаяу жүргіншіні қағып, қашып кеткен жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

19 қараша сағат 23.25-те Тараз қаласының Төле би көшесінде белгісіз көлік құралының жүргізушісі жолдың жүріс бөлігінде отырған 38 жастағы жаяу жүргіншіні қағып, жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кеткен. 

Жаяу жүргінші жол-көлік оқиғасы салдарынан алған дене жарақатынан сол жерде қайтыс болды. 

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен ("Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы, абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған") сотқа дейінгі тергеу басталды. 

“Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу  шарасы шеңберінде бейнебақылау камераларының көмегімен жедел-іздестіру жүргізу нәтижесінде полиция қызметкерлері Toyota Alphard автокөліктің иесі Жамбыл ауданының 32 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. 

"Жүргізушінің қатысуымен тергеу әрекеттері, соның ішінде тергеу эксперименті жүргізіліп жатыр. Себебі соққы тұман жағдайында жасалған. Сараптамадан кейін оны қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шаралар қабылданады", – деді ПД бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.