«Қазгидромет» синоптиктері 22 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ресми ақпаратқа сәйкес, ел аумағының басым бөлігіне Оңтүстік Каспий циклоны және соған байланысты өтетін атмосфералық ағындар әсер етеді. Осыған байланысты еліміздің басым бөлігінде жаңбыр, қар жауады. Еліміздің оңтүстігінде қатты жаңбыр, батысында, солтүстік-батысында, таулы аудандарда қатты жауын, қар (жаңбыр, қар) жауады.
Қазақстанның шығысында және оңтүстік-шығысында күн жауын-шашынсыз болады.
Республика бойынша тұман түсіп, көктайғақ болады, желдің жылдамдығы секундына 23-28 метрге жетеді.
Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының батысында, оңтүстігінде, солтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстігінде, Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде, шығысында, Ақмола, Маңғыстау облыстарының батысында, солтүстігінде желдің күші секундына 23-28 метрге, кей уақыттарда екпіні 30 м/с-ке жетуі мүмкін.