«Ауыл – ел бесігі»: шалғай жатқан өңірлерді дамытуға тың серпін береді

Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, шалғайдағы елдімекендерде инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік игілігі мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету өте маңызды. Тұрғындар жайлы өмір сүру үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында көптеген мәселе шешімін тапты.

Бүгінде ол жобаның қаншалықты қарқынды дамып, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартып жатыр. Бұл жайында таяуда Президентке есеп берген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтып берді. Оның айтуынша, еліміздің биылғы 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жақсара түскен. 

– 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша республикада 6 293 ауылдық елдімекен бар, онда 7,8 млн-ға жуық адам тұрады. Осы жобаны іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90%-ы тұратын 3,5 мың ауылдық мекен іріктелген. 

Ал жалпы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске қосылғалы бері республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 7 есе артты. Биыл 771 ауылда 1,8 мың жобаны орындау жоспарланып отыр. Оның ішінде, 102 миллиард теңгесі жалпы сипаттағы трансферттерде есептеліп, жергілікті бюджеттің шығыстар базасына берілді. Бұл – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 119 жобаны, әлеуметтік инфрақұрылымның 275 жобасын, оның ішінде 91 білім беру, 45 денсаулық сақтау, 139 мәдениет және спорт саласындағы жоба және ауыл ішіндегі жолдарды жақсартуға бағытталған 1,1 мың жобаны орындауға мүмкіндік береді, – дейді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров. 

Қазір сапалық көрсеткіштерді енгізуді ескере отырып, өңірлік стандарттар жүйесінің жаңа форматы әзірленді. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өзі 2027 жылға қарай әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін Өңірлік стандарттар жүйесіне сай дамыту жоспарланып отырғанын атап өтті. «Оған сәйкес ауылдарда сапалы жолдар мен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары, мектептер міндетті түрде болуға тиіс, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Басты мақсатымыз – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар», –  деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыс¬тарында жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы екенін атап өтті. Бұл орайда Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстары осы көрсеткіш бойынша артта қалып отыр. Оған қоса, қаражаттың ең төмен игерілуі Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді.

Ұлттық экономика министрі өңірлерде құрылыс және жөндеу жұмыстарын талап ететін бірқатар мысалды атады. Оның мәлімдеуінше, нысандардың басым бөлігі – әлеуметтік салада. Осы саладағы мәселелерді шешу үшін облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жобалардың тізімі қалыптастырылды. Алдағы уақытта республикалық бюджетті нақтылау барысында тиісті өтінім ұсынылады. Соның ішінде жаңа¬дан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарына ерекше көңіл бөлу қарастырылған.

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2019-2022 жылдары респуб-ликалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды. Атап айтқанда, 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны, 1,2 мың әлеу¬меттік инфрақұрылым нысаны және 2,2 мың көлік инфрақұрылымы нысанын жаңадан салуға және жөндеуге мүмкіндік берді, шамамен 30 мың жұмыс орны ашылған, –  дейді Әлібек Қуантыров. 

Ал Премьер-министрдің айтуынша, алдағы уақытта барлық жоспарды жүзеге асырса 40 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп, шалғай елдімекендерді дамытуға жаңа серпін беретінін айтты.

«2027 жылға қарай ауылдық елдімекендерде судың сапасы мен жолдардың жағдайы жақсарады, инженерлік желілер жөнделіп, әлеуметтік, мәдениет және спорт нысандары салынады», - деді Әлихан Смайылов.

Енді осы форматқа әкімшілік-аумақтық бірліктердің мәртебесін қоса отырып, 12 бағыт бойынша санаттау және бағыттар бойынша қамтамасыз етуді есептеу көзделген. Тіпті, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының» жобасын әзірледі. Ал сәуір айында Қазақстан үкіметі жобаны бекітті. Бүгінде министрлік жыл сайын ауылдардың өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізіп, олардың әл-ауқатын бақылап отырады.

Сонымен қатар шалғай елдімекендегі тұрғындарды қолдау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасына биыл 100 миллиард теңге бөлінді.

Назгүл ЕРЖАНҚЫЗЫ