Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, өңірде барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының кәсіби құрамы толығып, тұрақты негізде жұмыс істеуге көшкен. Бұған дейін облыс аумағында 18 комиссия мүшесі жұмыс істеп келген болатын. Бүгінде кадрлар құрамы ұлғайған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық сайлау жүйесінің ашық әрі барша азаматқа қолжетімді түрде өткізу қағидаты басты міндет екенін жеткізген болатын. Бұл тұрғыда ең алдымен әрбір сайлаушының құқығының сақталуы, сайлаудың заң талаптарына сай өтуі талап етілді. Соған орай жыл басынан бері тиісті жұмыстар атқарылуда. Соның негізінде сайлау комиссияларының кәсіби құрамы толықты. Қазір сайлау комиссиясында 31 маман тұрақты жұмыс атқарады. Бұл – кадрлар құрамы 1,7 есеге өсті деген сөз. Сол сияқты сайлау процесін ашық әрі айқын түрде өткізу қағидаты қалыптасты. Осы арқылы саяси партиялардың өзара бәсекелестігін арттыруға жол ашты», – дейді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов.
Комиссия төрағасы өңірде саяси науқандарды ашық та әділ өткізу бағытында атқарылған жұмыстардың ауқымдылығына ерекше тоқталды. Соның ішінде наурыз айында өткен сайлау барысында жаңадан партиялар қосылып, азаматтардың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі қарастырылғанын алға тартты. Нәтижесінде, депутаттық корпус жаңа азаматтармен толыққан. Сондай-ақ Сыр халқы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау барысында да белсенділік танытып, жоғары көрсеткіштер көрсеткен.
«Мемлекет басшысы Парламенттің алғашқы сессиясында биыл тұңғыш рет республикада 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімі сайланатынын жеткізді. Бұл ретте пилоттық сайлау Қызылорда өңірінің Шиелі және Сырдария ауданында өткізілді. Саяси науқанда 72 мыңға жуық сайлаушы аудан әкімі болуға үмітті азаматтар үшін дауыс беруге мүмкіндік алды. Дауыс беру күні 53 866 сайлаушы өз таңдауын жасады. Науқанда облысқа қарасты Шиелі ауданынан – 40, Сыпдариядан 18 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істесе, қос аудан бойынша 6 кандидат бақ сынады. Нәтижесінде, Сырдария ауданының әкімі болып Берік Сәрменбаев, Шиелі ауданының әкімі лауазымына Нұржан Ахатов сайланды», – дейді Әділбек Бөрібайұлы.
Жалпы, саяси науқан барысында өңірде әрбір азамат үшін «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» атты сервис жұмыс істеген. Соның негізінде аудан тұрғындары saylau.orda.gov.kz сайтына кіріп, ЖСН енгізу арқылы өз учаскесін оп-оңай табуға мүмкіндік алғанын атап өтті.
Сонымен қатар сайлаушылар үшін 109 бірыңғай байланыс орталығы да жұмыс істеді. Диспетчерлер аудан әкімінің сайлауына қатысты тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Комиссия төрағасы биылғы пилоттық сайлау барысы ашық әрі заң талаптарына сай өткізілгенін мәлімдеп отыр. Науқан барысында 600-ге жуық байқаушы сайлау процесінің ашықтық қағидатына сай өткенін бақылауда ұстаған.
Сол сияқты Президент тапсырмасы аясында Сыр өңірінде ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы да қарқынды өткізілуде. Облыс аумағында жыл басынан бері 26 ауыл әкімі сайланып отыр. Алдағы желтоқсан айында қосымша 12 ауылдық округ және кент әкімдерінің сайлауы өтеді деп күтілуде. Комиссия төрағасы соның ішінде саяси науқанға өзін-өзі ұсынған азаматтардың үлес салмағы басым екенін ерекше атап өтті.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы