Елордадағы «Гастро-орталықта» қылмыс жасалған күні бейнекамера жазбасын өшіргендер анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Бишімбаев ісі бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Астанадағы «Гастро-орталық» директоры, яғни екінші күдікті оның туысы екенін растаймыз. Қазір тергеуге қатысты ешқандай проблема жоқ. Жақын арада тергеу амалдарын аяқтаймыз», – деді Е.Сәденов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына.
Сонымен қатар ол гастро-орталықта қылмыс жасалған күні бейнекамера жазбасын өшіргендер анықталғанын айтты.
Еске салайық, биылғы 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем келгенше көз жұмды.
Кейін Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Елорда Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тергеу амалдарын бастады.
11 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қуандық Бишімбаевты 2 айға қамауға алу шарасын санкциялады.
12 қарашада кісі өлімі болған «Гастро-орталық» мейрамханасының директоры ұсталды.
15 қарашада өткен кеңесте Президент Қ.Тоқаев ІІМ-ге Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.