«Қауіпсіз қоғам»: тәртіп бәріне ортақ

Бүгінге дейін 120-дан астам рейд жүргізіліп, оған 1,6 мыңға жуық адам қатысты.

Құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, вандализммен күрес. Осындай мақсатпен «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері, «AMANAT» партиясының мүшелері, Ішкі істер министрлігінің және өңірлердегі Полиция департаменттерінің қызметкерлері «Қауіпсіз қоғам» деп аталатын қоғамдық ауқымды науқан бастады.

Заңның үстемдігін қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі.

«Ел тұрғындары мен қонақтары өзін қала мен ауылда бірдей жайлы сезінуі үшін көше қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз»,  делінген құжатта.

Ол үшін еліміздің аумағында 20 қарашадан бастап «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты Полиция департаменттерімен бірлесіп заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, құқықтық Әділетті мемлекетті нығайтуға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бірқатар іс-шара бастады.

Бүгінге дейін 120-дан астам рейд жүргізіліп, оған 1,6 мыңға жуық адам қатысты. Атап айтқанда, ойын-сауық орындарын, саябақтарды, тұрғын үйлердің аулаларын аралау, түнде  жол ережелерінің сақталуын бақылау, кәріз люктерін тексеру және т.б.

«Жастар рухы» төрағасының орынбасары Ақерке Искандерованың айтуынша, ойын алаңдарын тексеруден бастап түнгі клубтардағы қауіпсіздікті бақылауға дейінгі іс-шаралар жүреді.

«Күнделікті іс-әрекетімізде мейірімділік пен адалдықты, тәртіп пен тәрбиені басшылыққа алып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтау – дамыған қоғам қалыптастырудың негізі. Біз үшін «Қауіпсіз қоғам» қағаздағы міндеттердің тізімі ғана емес, бұл – ең алдымен болашаққа қамқорлық. Біздің әрекетіміз қазақстандықтардың өмірін жақсы жаққа өзгерте алады деп сенемін. Бәріміз жұмылып, мұқтаж жандарға ұйымдастыру, волонтерлік, қайырымдылық көмек көрсетуге дайынбыз»,  деді ол.

 «Қауіпсіз қоғам» қоғамдық науқаны – азаматтық қоғамның, саяси құрылымдардың және құқық қорғау органдарының «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес, жаңа құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы әріптестігінің жарқын көрінісі,  деп есептейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.

Министрлік жастарға заң және тәртіп туралы дәрістер өткізіп, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша  шаралар ұйымдастырады, әлеуметтік маңызы бар орындарда рейдтер жүргізеді.

«Заң мен тәртіпті сақтаудың алдыңғы шебінде тұрып, біз полиция қызметкерлері өз міндетімізді орындап қана қоймай, қоғам тыныштығын қорғауды өмірлік мұратымызға айналдырдық. Біздің жұмысымыз – құқықтық тәртіпті сақтау, заңбұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен қатар көпшілік күн сайын кездесетін қиындықтардың алдын алу, қоғамда сенімді қарым-қатынас орнату. Қиындыққа тап болғандарға көмектесу, түрлі дау-жанжалдың алдын алу – біз үшін жай ғана міндет емес, үлкен абырой. Отандастарымызбен бірге қауіпсіз, үйлесімді қоғам құрып жатырмыз деп сенеміз», – деді Ғалым Сарғұлов.

Мәселен, Ақмола облысында полиция қызметкерлері «Жастар рухы» белсенділерімен бірге арнайы есепке алынған 1 мыңнан астам адамды тексерді. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 34 құқықбұзушылық анықталды. Ұсақ бұзақылық, ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру сияқты 564 әкімшілік құқықбұзушылық фактісінің жолы кесілді. Патрульдік нарядтар 250-ден астам жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайды анықтады.

Жезқазған қаласында Ұлытау облыстық Полиция департаменті «Құқықтық тәртіп» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырып, оған «AMANAT» партиясының өкілдері, педагогтер мен қоғам белсенділері қатысты. Олар кәмелетке толмағандарға қатысты қараңғы уақытта бақылауды күшейтуді, сондай-ақ спирттік ішімдіктерді сату мониторингін қатаңдатуды ұсынды.

Петропавлда ювеналды полицейлер, учаскелік инспекторлар мен «Жастар рухы» белсенділері қатарындағы мобильді топтар қаланың бірқатар мектебінде «дабыл түймелері» мен күзеттің бар-жоғын тексерді. Сонымен қатар  тәртіп сақшылары қолайсыз отбасыларды тексеру үшін рейд ұйымдастырды.

«Бүгінде облыста «қолайсыз отбасылар» санатында 150-ге жуық отбасы есепте тұрса, олардың 110-ы есепке биыл қойылды. Қаңтардан бастап 62 заңды өкіл ата-ана құқығынан айырылды, 727 адам ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ювеналды полиция қызметкерлері жиі кездесетін құқықбұзушылық – жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз түнде үйден тыс жерде болуы. Жыл басынан бері осындай 2358 дерек анықталды»,  деді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Есірткінің таралуына қарсы күреске бағытталған «Есірткіге жол жоқ» акциясы туралы да жеке айта кеткен жөн. «Жастар рухы» белсенділері жарнама мен есірткі граффитиін бояп жатыр. Мәселен, Өскемен қаласында бір күнде осындай 30-ға жуық хабарландыру жойылды. Жыл басынан бері еліміздің барлық 20 өңірінде 5 мыңнан астам хабарландыру боялған.

Айта кетейік, «Қауіпсіз қоғам» қоғамдық науқаны осы жылдың соңына дейін жалғасады.

«Жастар рухы» мен polisia.kz. порталының материалдары бойынша дайындалды.