«Вандализмге жол жоқ!» деп ұрандаған жас рухтастар тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтап қалумен қатар, қала ішіндегі вандализмге төтеп бермек. Бұл – Президенттің «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүргізіліп жатқан іс-шаралар кешені, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«AMANAT» партиясының белсенділері автобус бекеттерін, ғимараттар сырты мен балалар алаңдарын жазбалардан тазартуда. Автобус бекеттерін қаптаған жарнама жапсырмаларынан да арылтты.
«Жастар рухы» Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Тыныштық Әлішердің айтуынша, атаулы акциялар арқылы вандализмнің алдын алып, вандалдардың азаюына үлес қосқымыз келеді дейді.
«Табиғатқа, тұрып жатқан қалаға деген махаббатты тастар мен орындарға жазу жазып, бүлдірмей, айналаға қоқыс тастамай, қоршаған ортаға қамқорлық таныту арқылы да білдіруге болады. Біздің артымыздан жинайтын, жуатын адам бар деп немқұрайлы қарауға болмайды. Былтыр бастау алған «Тазаlike» акциясы мен барша қазақстандықтарды тазалыққа шақырамыз», – дейді Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ведомство басшыларымен кездесуде «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету бойынша тапсырма берген болатын. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, бұзақылық сияқты Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін жағдай қалыптастыру қажеттігін баса айтты.
Әрбір қалада орналасқан жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелдерінің вандалдардың қолымен шимайланған көрінісі шошытарлық. Дәл осындай жерасты өткелін кеше павлодарлық белсенділер тазартса, бүгін ақтөбеліктер Әбілқайыр хан даңғылындағы жерасты өткелін тазартуға кірісіп кетті.
Белсенділердің жұмысын бақылаған Атырау тұрғыны өз ризашылығын білдіріп, осындай акциялардың жалғасуын қолдады.
«Жастардың жерасты өткелін тазартып жатқанын көзім шалып қалды. Егер әр ата-ана балаларына ненің болатыны мен болмайтынын түсіндіріп, тазалық пен тәртіпті үйретсе, қаламыз әлдеқайда таза болар еді. Себебі тәрбие мен тәртіп, ең алдымен, отбасынан басталады. Ал тазалықты жаны сүйген жастарға рақмет айтып, жұмыстарына сәттілік тілеймін», – дейді Анапия Бектенқызы.
Мұнымен қоса Абай облысының жастары «Күшікбай» тарихи ескерткішінің аумағын қоқыстан тазартса, Қостанай мен Петропавл белсенділері ақпараттық материалдар тарату арқылы қала тұрғындарын вандализммен күресуге үндеуде.