Ақтөбеде балабақша тәрбиешілері бүлдіршіндерді ұрып-соққан

Ата-аналардың бірі видеоға түсіріп алған.

Ақтөбеде жекеменшік балабақша қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, ата-аналар бұл мекемені мүлде жауып тастау керек деген пайымда.

“Біздің талабымыз – балаларды ұрған тәрбиеші мен бала күтушіні, олардың артын жапқан меңгеруші Абылханова Жұлдыз Мұратовна және директор Гүлнәр Серіковна Нартаева жауапқа тартылсын. Бұл балабақша жабылсын! Ол адамдарды педагог дипломдарынан айырып, бұл салада ешқандай жұмыс істемейтіндей ету керек”, – дейді қала тұрғыны Әсел Қайдолла. 

Ата-аналардың бірі видеоға түсіріп алыпты. Тілі енді шығып келе жатқан бүлдіршіндердің күнде осылай қорлық көріп жүргенін білмедік дейді. Бөбектерді тас еденге ұйықтатып, жерге отырғызып тамақтандырады екен. Ал дәрі-дәрмек тұрған шкафтары құрттап кеткен. Онымен қоса бейнекамерасы жоқ асханаға апарып ұрып-соғады дейді ата-аналар. Олар жаппай тәртіп сақшыларына да, прокуратураға да арызданған.

"Амир" деп аталатын бұл балабақша мемлекеттік тапсырыс арқылы мемлекеттен қаржыландырылады. Білім бөлімінен құрылған комиссия мен полиция департаменті тергеуге кіріскен.

“ҚР ҚК 140-бабы 1-бөлігі бойынша "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша сотқа дейінгі тексеру басталды. Ата-аналардың барлық дәлелдері ескерілетін болады”, – деді Ақтөбе полиция басқармасы №2 ПБ бастығының орынбасары Бауыржан Жұмашев.