Ресейдің Новосібір іргесіндегі алқапқа шұғыл қонған ұшақтың жолаушыларына өтемақы төленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz «Коммерсантъ» Telegram арнасына сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, өтемақының жалпы сомасы – 15,8 миллион рубль (23 қарашадағы жағдай бойынша бұл шамамен 82 миллион теңге).
"158 адамның әрқайсысы 100 мың рубльден (шамамен 519 мың теңге) ақша алды", – делінген БАҚ-та.
Анықталғандай, тағы бірнеше адам мұндай мүмкіндікті біле тұра, әлі төлемге өтініш бермеген.
Естеріңізге сала кетейік, 12 қыркүйекте Сочи-Омбы бағытында ұшқан «Орал әуе жолдары» компаниясының А-320 ұшағы шұғыл түрде Новосібір облысындағы егістікке қонған еді. Бортта 161 жолаушы болған, оның ішінде 21-і бала, апатты қону салдарынан олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Ұшақ бортында қазақстандықтар да болған.