«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы болсаңыз, менің қолымды алыңыз!». Дәл осындай бірден көзге түсер ерекше плакатпен Алматыда әлеуметтік эксперимент өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Жастар рухы» Жастар қанатының Алматы қалалық филиалы екінші күн қатарынан қазақстандықтардың жүрегін тебіреткен акцияны өткізуде.
Аталған мәселеге бей-жай қарамайтын өзі сынды жігіттер мен ер азаматтар табыла ма? Оны Жастар қанатының белсендісі Асылжан Болат тексеріп көрді. Оның айтуынша, мұндай батыл қадамға барған замандастарының артқа шегінбей, белсенділік танытқанына қуанышты болған.
«Шынымды айтсам, акция барысында ерлер тарапынан дәл осындай кері байланыс боларын күтпедім. Әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық пен қиянатқа олардың қарсы екені, нәзік жандыларды қолдап, әрқашан бірге болатындарын тайсалмай жеткізді. Барша жігіттерді біздің акцияны қолдап, қауіпсіз қоғам қалыптастыруға шақырамын», – деп Асылжан Болат өз ойын білдірді.
«AMANAT» партиясы жастарының айтуынша, дәл осы бағыттағы әлеуметтік сауалнама, эксперименттер мен акциялар Қазақстанның түрлі аймақтарында өтуде.
Мәселен, бүгін ғана Жамбыл мен Жетісу облысына қарасты ауылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сауалнама жүргізілді. Онда 100-ге жуық азаматтар қатысып, тұрғындардың 90%-ы зорлық-зомбылыққа қарсы шараларды күшейтіп, алименттен жалтарған азаматтарға тиісті жазасын беру керек дегенді жеткізді.