Жертөле суға толып, көшені су басты: Щучинск тұрғындары дабыл қақты

Щучинск қаласында ондаған көше мен үйдің жертөлесі суға толып кетті.

Тұрғындар осылай жалғаса беріп, жергілікті билік әрекетсіз отырса қаланы су басатынын айтып алаңдап отыр, – деп хабарлайды  Aikyn.kz тілшісі. 

Көшелерге жайылған су шаһардың он шақты көшесі мен үйдің айналасын басты. Мұнымен қоса жер үйлердің жертөлесі тұтастай суға толған. Көше бойы тұтастай жайылған су үйлердің іргесіне кіріп, астына өткен. Бірқатары жертөлесіндегі қажетті заттарын алып үлгергенімен көпшілігінің дүние-мүлкі мен қысқы азық-түлігі жарамсыз бола бастаған тұрғындар билік органдары ащы жанайқайына еш назар аудармағанын айтып шырылдап отыр.

Әсіресе, Геологическая, Бектеміров, Сейфуллин, Рабочий, Елемесов, Степной, Пролетарская, Октябрьская, Снежная, Комсомольская көшелерін су басып, адамдар мен қоса көліктердің жүріп-тұруы мұңға айналған. Тұрғындардың айтуынша, жол үстіндегі ірі-ірі шұңқырлар қала ішінде кәріз жүйесі мен су құбырларын орнатқан кезде пайда болыпты. Суға толған шұңқырлардан көліктер түгілі жаяу адамдар да өте алмай әбден зықысы шыққан. Жол үстіндегі шұңқырлардың үлкендігі сонша қазір су толып қалған шұңқырлардан жеңіл автокөліктер, тіпті жүк көліктерінің дөңгелектері түгелдей түсіп кетіп, батып қалатын болған. 

 

Тұрғындардың басым бөлігі көшелердің суға кетуінің басты себебін үш жыл бұрын салынған кәріз жүйесін құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған 5 қабатты үш тұрғын үйді салу кезінде қиратып кетуімен байланыстырады. 

– Бізге кәріз жүйесі осыдан үш жыл бұрын салынған. Ал бес қабатты үш тұрғын үйлердің құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталды. Қазір бірінің құрылысы аяқталған. Қалған екеуінің құрылысы әлі де жүріп жатыр. Тұрғын үй құрылысын қазған кезде олар қалай болса солай салынған кәріз жүйесін бұзған. Құбырлар толықтай балшық пен құмға толып қалған. Бұған дейін бізде кәріз жүйесінің барлық тетіктері дұрыс болған. Енді осы көтерілген бірнеше көшелерді суға толтырып, бірнеше көшелердің жертөлесі суға толып тұр. Күн суығандықтан жайылған су айнадай жалтыраған мұзға айналды. Ал бұл жерден күн сайын көп оқушылар, көліктер өтеді. Жаңадан салынып болған 5 қабатты жаңа үйдің де жертөлесі суға толып кеткен. Іргетасы қозғалып кеткенге ұқсайды. Бұл су сонда салынған су құбырларынан ағып жатқан болуы тиіс деп топшылап отырмыз, – дейді Елена Трушина есімді Щучинск қаласының тұрғыны. 

Тұрғындар кәріз жүйесін қолданыстағы жүйеге қоспайынша судың тұтас қала бойынша жайыла беретінін жеткізді. Бірақ жергілікті аудан әкімдігіне қарасты құзырлы органдар жайылған судың жерасты сулары екеніне нық сенімді. 

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі судан сынама алып талдау жүргізді. Су жер асты немесе бұлақ суы болып табылады. Өйткені алынған судың құрамында мүлде хлор жоқ. Сонымен қатар мұнда ертеден тұратын қала тұрғындарының айтуынша жер асты суы сыртқа бұл ауданда жыл сайын жер бетіне шығып жатады. Қазіргі сәтте қалалық коммуналдық шаруашылыққа асфальт жабыны мен су ағар арықтарды тазартуға тапсырма берілді, – деді Бурабай ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы