Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Орталық Азия елдерінің әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі алғашқы құрылтайына қатысты. Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінен келген қатысушылар аталған бағыттың даму перспективаларын талқылап, әлеуметтік жобалар мен өндірістерді одан әрі қолдауға қатысты өз ұсыныстарын айтты.
Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушыларға ілтипат білдіріп, ел экономикасында әлеуметтік кәсіпкерліктің рөлі артып келе жатқанын және бұл саланың дамуына мемлекет басшылығы тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
«Әлеуметтік кәсіпкерлер – мемлекеттік институттардың маңызды серіктестері. Олар экономиканың дамуына және өзекті әлеуметтік проблемаларды шешуге елеулі үлес қосып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда Әлеуметтік кәсіпкерлер реестріне 200-ден астам кәсіпорын тіркелген. Біздің елімізде әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуеті әлдеқайда жоғары. Сондықтан алдағы уақытта бұл саланың дәйекті түрде дамуы жалғаса береді деп сенеміз», – деген Палата Спикері қатысушыларды Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау тетіктерімен таныстырды.
Әлеуметтік кодекстің нормаларын талқылау кезінде мүгедектігі бар адамдарды және халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту, оларға берілетін мүмкіндіктерді кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сенат Төрағасы Орталық Азия және ТМД елдеріндегі әріптестермен барлық салада, оның ішінде заңнамалық тәжірибе алмасу бағытында ынтымақтастықты нығайтудың маңызды екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол осындай дәстүрлі достық қарым-қатынастар мен өзара тиімді байланысты дамыту елдеріміз үшін негізгі басымдықтардың бірі болып саналатынын айтты.
«Соңғы жылдары біздің елдеріміздің байланысы көптеген бағыт бойынша нәтижелі және серпінді дамып келеді. Өңір мемлекеттерінің басшылары екіжақты және көпжақты форматта әрдайым кездесіп тұрады. Олар ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелерін талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің маңызды аспектілері бойынша ұстанымдарды келісіп отырады. Парламенттік бағыт бойынша да біз өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытып келеміз. Бұл форум Орталық Азиядағы әлеуметтік кәсіпкерлердің тығыз қарым-қатынас орнатуына жол ашатын тұрақты және тиімді алаң болады деп үміттенеміз. Қазақстан Парламентінің Сенаты осы бастамаға қажетті қолдау көрсетуге және өңірлік әлеуметтік бастамаларды іске асыруға ықпал етуге дайын», – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде кездесуге қатысушылар Қазақстанның әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау саласындағы тәжірибесіне назар аударып, оны зерделеудің маңыздылығын атап өтті. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылы Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң әзірленіп, қабылданды. Онда қызметтің құқықтық негіздері, әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдау тетіктері айқындалды.
Құрылтай барысында ауылдық жерлерде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және оны қаржыландыру, тиісті желілер мен қауымдастықтар құру жөніндегі идеялар да айтылды. Экология және орнықты даму саласындағы жобаларды қолға алу, сондай-ақ, мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен әріптестік қатынастарды нығайту мәселелері де сөз болды.
Екі күнге жалғасатын Орталық Азия әлеуметтік кәсіпкерлерінің құрылтайында әлеуметтік кәсіпкерлік және қаржылық модельдеу, бизнес-стратегияларды әзірлеу, сату мен маркетингті ұйымдастыру бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі. Ұйымдастырушылар арасында Эмин Аскеров, Әйгерім Жаналинова, Меруерт Жүнісбек, Гүлмира Пармышева сияқты әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы танымал тренерлер мен коучтар бар.
Сонымен қатар іс-шара аясында «Impact_onim» әлеуметтік кәсіпкерлер өнімдерінің жәрмеңкесі және мамандандырылған экскурсия өтеді. Соның барысында қатысушылар «Green TAL» шеберханасының, «Up and Go» даму орталығының және «Замандас 21» аула клубының қызметімен танысады.