Осындай қайғылы жағдайдың алдын алу үшін «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері полициямен бірлесіп, қала мектептеріндегі қауіпсіздікті күшейтуге кірісті. Жастар мектеп оқушыларына арнайы ескерту парақтары мен жарық шағылыстыратын жолақтар мен жапсырмаларды таратты. Сонымен қатар ата-аналар мен көлік жүргізушілеріне барынша сақ болуды ескертті. Бүгінде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы ел аумағында өткізіліп жатыр.
«Облысымыз бойынша 361 мектептің аумағында мониторинг жұмыстарын жүргіздік. Сол жерде біз ашық люктер, ашық трансформаторлар немесе тағы да басқа балалар өмірі үшін қауіпті аумақтарды кездестіріп, ашық люктерді жауып, ашық трансформатор мен тоқ соғу қаупі бар жерлерді арнайы құзыретті органдарға хат жазу немесе тапсырма беру арқылы оқшауландырып, қауіпсіз ету мақсатында жұмыстар жүргізілді», – дейді «Жастар Рухы» ЖҚ БҚО филиалының төрағасы Архат Исламғали.
Қарағандыда да құқық қорғаушылар мен аманаттық белсенділер рейдке шықты. Бірлескен акция барысында барлық түнгі клубтар мен компьютерлік ойын алаңдары қамтылды. «Мұндай мекемелердегі жарқ-жұрқ еткен бейнелер мен көңілді әуендер жасөспірімдерді тартады», – дейді партия мүшелері. Келушілердің құжаттарын тексеру бірқалыпты өтті. Кәмелетке толмағандар анықталмаған. Олардың мұндай жерлерде кешкі сағат 10-нан кейін жалғыз жүруіне болмайды. Өйткені ересектердің қарауынсыз қалса, жасөспірімдер қылмыстың құрбаны болу қаупі жоғары.
«Бұл рейдтер бізге жастар ғана емес, түнгі демалыс орындары мен ойын кафелерінің қожайындары да әлеуметтік жауапкершілік таныту керегін көрсетті. Біз Қарағанды облысының Полиция департаментімен бірлесе отырып, апта бойына рейд өткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді «Жастар Рухы» ЖҚ Қарағанды облысы филиалының төрағасы Асқар Оразбеков.
Нұрлан ҚОСАЙ