Аталмыш форумда жолдаған құттықтауында Мемлекет басшысы: «Қазақта «келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Халқымыз қашанда елдік мәселелерді алқалы жиында ақылдасып шешкен. Осы орайда шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәселелерді өздеріңізбен талқылаудың маңызы зор. Қай мемлекетте мекен етсе де, қазақтың бір ғана Отаны бар – ол Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын қандастарымызды қолдауға қашанда мән береміз. Олардың тарихи Отанына қоныс аударуына толық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілді. Қандастармен қарым-қатынасты дамытуға бағытталған осындай жұмыстар жалғаса береді», – деген болатын.
Халық саны тығыз орналасқанына қарамастан, көші-қон мәселесі бойынша тиімді іс-шараларды жүзеге асыру барысында Шымкент қаласы да бірқатар бағыттағы жұмыстарды атқаруда. Биыл үшінші мегаполисте 766 отбасы, 1 196 адам «қандас» мәртебесін алды, ал 6 айға қандас мәртебесін ұзартқандар саны 47 отбасынан 62 адамды құрады (барлығы 1 258 адам).
Қоныс аударған қандастар ТМД және шетелдерден көшіп келген, этникалық қазақтардың басым бөлігі Өзбекстаннан келгендердің үлесінде. Өзбекстаннан келген – 1 166 адам, Қытайдан – 16 адам, Ресейден 8 адам Шымкентке біржола қоныстанып, тұрақтады. Сондай-ақ Қырғызстаннан – 1 адам, Ауғанстаннан – 2 адам, Тәжікстаннан – 1 адам, Түркиядан 2 адам атамекенге оралған.
Тәуелсіздік алғалы бері бағамдасақ, елімізге 1 миллионнан астам қандасымыз оралған. Олар атамекенде ұрпақ өрбітіп, кәсіп игеріп, мемлекетіміздің өркен жаюына үлесін қосуда. Президент атамекенді аңсап келген ағайындар мәселесін Үкіметке, Президент Әкімшілігіне шешуді жүктеп, қосымша іс-шаралар қабылдау туралы нақты тапсырма беруде. Нәтижесінде, қоныс аударған қандастардың басым бөлігі бүгінде құрылыс саласында, сауда-саттықпен және басқа да жалдамалы жұмыстармен айналысады. Шымкент қаласында қандастар мен олардың отбасыларына 6 ай бойы бейімдеу және кіріктіру бойынша қызметтер көрсететін «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» жұмыс істейді. Бүгінде бейімдеу қызметін 19 отбасынан 52 адам алуда.
Президент Жолдауында: «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды. Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады» деуі көп жайттан хабардар екенін де аңғартады.
Халық санын көбейтіп қана қоймай, сапасын да арттыруға бүгінде нақты қадамдар жасалуда. Қандастарды жұмыспен қамту мәселесі назарға алынып, Шымкент қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі» орталығы арыз-шағымдарға сай жұмыс істейді. Бүгінде орталық қызметіне барлығы 135 қандас жүгінген. Олардың ішінен 86 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы