Жетісуда оң өзгеріс көп

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникация қызметі алаңында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» баяндама жасады.

Жетісу облысында мал шаруашы­лығын дамытудың мүмкіндігі мол. Сондай-ақ облыс әкімі Бейбіт Өксік­­­байұлының айтуынша, Жетісу өңірінің табиғи-климаттық жағдайы туризмді дамытуға да қолайлы. Мәселен, өткен 10 ай­да облысқа 2 млн турист келсе, со­ның 1,5 миллионы Алакөл жағалауына бар­­ған. Туристерге қолайлы инфрақұры­лым қалыптастыру бағытында жұмыстар жүзеге асып жатыр. Алакөл мен Балқаш жағалауына апаратын «Талдықорған – Өскемен» жолының 287-615 шақырымы, «Үшарал – Достық» жолы, «Лепсі – Бал­қаш жағалауы» жолының 27 шақырымы, «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» 110 шақырымының құрылысы келесі жылдың соңында толық бітеді. Сонымен қатар келесі жылы Балқаш көлі жағасын­да инженерлік-коммуникациялық желі­лердің құрылысы басталады. 

– «Экологиялық туризмді дамыту үшін биыл «Алтынемел» ұлттық паркі аумағында құны 2 млрд теңге тұратын визит-орталығы салынды. Шаңғы-биат­лон кешенін тұрғызудың, Бұрхан­бұлақ сарқырамасына дейінгі жолды жөндеудің жобалық құжаттамасы әзірленуде. Шо­қан Уәлиханов мұражайына баратын 6,8 шақырым жол орташа жөндеуден өтті, мұражайды қайта жаңғырту аяқталды. Сар­қан ауданында Жасылкөлге дейінгі жолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде 2024-2025 жылдары облыс аумағында туризмді серпінді дамы­тудың мүмкіндігі артады, – деді Бейбіт Исабаев.

Спикердің баяндамасынан байқа­ғаны­мыз, Жетісу облысы өз алдына отау құрып жеке шыққалы бері өңірдің эко­номикасы өсіп, халықты жұмыспен қам­ту мәселесі біршама шешімін тауып отыр. Жетісу облысы құрылғаннан бері 23 жаңа кәсіпорын іске қосылып, жұмыс істеп тұрған 5-еуі кеңейтілген, 759 жаңа жұмыс ор­ны ашылған. Ал биыл құны 39 млрд теңге болатын 12 кәсіпорын іске қосы­лып, 500-ден астам жұмыс орны ашылып­ты. Өңірде өнеркәсіп өндірісі көлеміндегі өңдеу секторының үлесі 80%-ға жеткен. 

– «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы эко­номикалық аймағы мен «Қорғас» ХШЫО – облыстағы даму нүктесінің бірі. Мұнда қазір 2030 жылға дейін жалпы ин­вестиция көлемі 622 млрд теңге бола­тын 52 жобаны іске асыру жоспарлануда. Тау-кен саласын дамыту шеңберінде құ­ны 1,3 трлн теңге болатын, 2 мыңнан ас­там жұмыс орнын ашатын металлургия комбинатының құрылысы жүргізіле бас­тады. Оның қуаты жылына 860 мың мыс кон­центратын өндіруге жетеді. Қазір құрал-жабдықтар мен тауарларды сақтай­тын қоймалар мен басқа да техникалық ғимараттар салынып бітті. Комбинаттың құрылысы 2025 жылы басталып, 2027 жы­лы аяқталады деп жоспарланған, – дейді спикер.

Жалпы облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфеліне құны 2,2 трлн теңге болатын, 9 мыңнан астам жұмыс орнын құратын 184 жоба енгізілген. Нә­ти­­жесінде, биылғы 10 айда эко­номиканың өсу қарқыны 112,9 пайызды құраған. Экономиканың өсуі нәтижесінде бүгінде өңірде жеңіл өнеркәсіп дамып, шаруаның еңбегі еселеп өсіп келеді. Қазақ үшін «Жер жұмағы – Жетісу» деп танылған өңірде дәнді дақыл өсіру, қызылша шаруа­шылығын дамытудың маңызы зор. Дәнді дақыл көлемі жағынан Жетісу об­лы­сы алғашқы төрттікке енсе, қант қы­зыл­шасын субсидиялау нәтижесінде қызылша алқабын 2 есе көбейтіп, 8,5 мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік туып отыр. 

– Агроөнеркәсіп кешенін тиімді да­мыту – Жетісу облысында басым бағыт­тардың бірі. Осы ретте биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 31,9 млрд теңге бағытталған, соның 80%-ы, яғни 25,4 млрд теңгесі – субсидиялар. Осы жы­лы ауыл шаруашылығы дақыл­дары 324 мың гектарға себіліп, 870 мың тонна астық жиналды, орташа өнімділігі гек­тары­на 27 центнерден айналды. Облыста 120 ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Олар 10 айда 70,2 млрд теңгенің азық-түлігін өндірген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға артық,– деді Бей­біт Өксікбайұлы.

Ал үш жыл тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты толық жөндеуден өтіп, биыл қайта жұмыс істей бастаған. Нәтижесінде, биыл аймақта жалпы көлемі 71 мың тонна қант өндіріледі. Осы орайда облыс әкімі өңірде агроөнеркәсіпті дамыту үшін су шаруашы­лығының сумен қамту мүмкіндігін арт­тыру мақсатында атқарылып жатқан жұ­мыстар туралы да айтты. Оның айтуын­ша, өңірде су шаруашылығының 11 объек­тісінің құрылысы жүргізілуде. Тағы 16 ны­санның жобалау-сметалық құжат­тамасы әзірленіп жатыр, оның 7-еуі – жаңа су қоймасы. Соның нәтижесінде алдағы 2-3 жылда 48 мың гектар жерді сумен қам­ту жақсартылып, тағы 20 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізілмек.

Экономиканың күретамыры санала­тын көлік-логистика және энергия өндіру бағытында да бірқатар жоба қолға алын­ған. Апат айтар болсақ, облыстың көлік-логистика саласына ірі инвесторлар тар­тылуда. Әкімнің айтуынша, бұл жоба өңірдің транзиттік әлеуетін дамытуға зор серпін береді деп күтілуде. 

– Достық стансасында құны 12 млрд теңге, қуаты 150 мың контейнерлік ЕТТ Dostyk ЖШС-ның мультимодалды көлік-логистикалық орталығы салынды. Тағы екі – Dostyk TransTerminal және DAR RAIL Infrastructure көпфункционалды жүк тиеу терминалы перспективалы жо­баларын жүзеге асыру жоспарланған, – деді Б.Исабаев. 

Сондай-ақ ол «Достық-Мойынты» те­мір жолының екінші желісі салынып жатқанын айтты. Спикердің сөзінше, темір жол тармағының 836 шақырымының 451 шақырымы Жетісу облысының ау­мағынан өтеді. Осы жоба негізінде өңір экономикасына қосымша 293 млрд теңге ин­вестиция тартылады, 2 мың жаңа жұмыс орны ашылып, онда жергілікті тұр­ғындарға басымдық беріледі. Бұл ретте негізінен өңір кәсіпорындарының өнім­дері пайдаланатын болады. 

Ал Жетісуда қуаты 1ГВт жел электр стансасы салынады деп жоспарлануда. Әкімнің айтуынша, өңірде баламалы энергетиканы дамытудың әлеуеті зор. Жоңғар қақпасы аумағында қуаты 1ГВт ірі жел электр стансасын салу жоспарла­нып отыр. Бұл жоба үшін Сауд Арабия­сынан инвестиция тартылады. Жобаның құны 883,5 млрд теңге болмақ. Жоба Ала­көл ауданының аумағында іске асы­рылады.

Сондай-ақ өңірде әлеуметтік саланы дамыту бағытындағы жұмыстар қата­рында денсаулық сақтау, білім беру сала­сына және халықты тұрғын үймен қамтуға ерекше көңіл бөлінген. Облыс әкімінің айтуынша, биыл облыста 323 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылады деп жоспар­ланған, оның 50 пайызы немесе 162,1 мың шаршы метрі – бюджет есебінен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 есе көп. Об­лыс бойынша тұрғын үй кезегінде 30 мың адам тұр, соның 15 мыңнан аста­мы – Талдықорғанда кезекте. 

«Негізгі мақсатымыз – алдағы 4-5 жыл ішінде кезекте тұрғандар санын 40-50% азайту», – деді облыс әкімі. 

Қазір облыста газдандыруға жататын 192 елді мекеннің 26-сы, Талдықорған қаласын қоса алғанда 298 мың адам газға қол жеткізген. Әзірге бұл көрсеткіш – 42,6%. Соның ішінде 16 ауыл облыс құрылған­нан кейін газдандырылған. Жыл соңына дейін тағы 8 елді мекен көгілдір отынға қосылады деп жоспарланған. 

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың ай­туынша, аймақта апатты және үш ауы­сымды мектептер жоқ. Дегенмен бейім­делген мектептердің проблемасын шешу өзекті болып отыр. Осы жылы жоспар­ланған 6 мектептің 5-еуі іске қосылған, жыл соңына дейін тағы 1 200 орынды бір мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар әкім 5 мектептің құрылысы жүргі­зіліп жатқанын, оның 2-еуі «Жайлы мек­теп» ұлттық жобасы аясында салынып жат­қанын жеткізді. Оның айтуынша, 2026 жылға дейін облыста 21 жаңа мектеп салынады, оның 7-еуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде тұрғызылады. Қазір облыстың білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан ментор жобасы туралы сұрағанымызда әкім: 

«Бұл – менің ұсынысыммен жүзеге асы­рылып жатқан жоба. Бұл жобаға алдамен менторлардың тізімін дайындап, 30 жас маманды арнайы оқытып дайын­дадық. Олар мектептің құрамына кірмей­ді. Облыстық Ішкі саясатпен бірлесіп оқушыларды смартфондарға тәуелділік­тен арылту, әлеуметтік желідегі ақпа­ратты екшей білу, әсіре қызылға ұрынбау секілді бағыт-бағдар береміз. Негізгі мақ­саты­мыз – ата-ана, қоғам және бала арасында­ғы ашық айтылмайтын мә­селелерді ашық айту. Біз кез келген тақы­рыпты ұсынбай­мыз, оқушылар тара­пынан туындаған сұ­рақтарға мен­­­тор­­ларды тарту арқылы жауап бе­реміз. Өздеріңізге белгілі, қазір елімізде бала­лар арасында суицид, әлім­жеттік, зор­лық-зомбылық және наша­қорлық, син­тетикалық есірткіге құмар­лық секілді бас­қа да қоғамға жат қылықтар асқынып тұр. Сондықтан балалармен ашық сөйлесу, сырласу, көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беруге, тыңдай білуге де біреу жауапты болуы керек қой. Жоба қазір пилоттық негізде жүзеге асып жа­тыр. Менторлар қатарында психологтер де бар», – деп жауап берді.

Қазір, өкінішке қарай, елімізде ерек­ше балалар қатары артып келеді. Оларды сауықтыру, оңалту және емдеу шараларын жүргізу өзекті мәселелер қатарынан сана­лады. Әкімнің айтуынша, биыл Тал­ды­қорған қаласында «Қамқорлық» қоры­мен бірлесіп аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық және мүгедектігі бар азаматтарға арналған «Асар» спорттық-оңалту кешені ашылды. Бүгінде Талдықорған қаласы бойынша 300 адамға, оның ішінде 54 балаға оңалту қызметі көрсетілуде. 

– Алакөл көлінің жағалауында 6-18 жас аралығындағы мүгедектігі бар ба­ла­­ларға арналған 35 орындық сауық­тыру жазғы лагері жұмыс істей бастады. Сонымен қатар келесі жылы Талдықор­ғанда 150 орындық оңалту орталығының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебі­нен және демеушілер көмегімен 14 инв­атакси сатып алынды. Сөйтіп, инватакси саны 36-ға жетті, – деді Б. Исабаев. 

Брифинг барысында мәдениет және спорт салаларында атқарылып жатқан жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, мәдениет пен спорт салала­­рында бюджет қаражатына 18 нысанның құрылысы жүргізілуде, оған 10,9 млрд тең­ге бөлінген, оның 8-і қолданысқа бе­рілген. Облыс басшысы бұл әлеуметтік салаларға жеке инвестиция салып жатқан ірі кәсіпкерлер де бар екенін атап өтті.

Т. МҰҚАНАТТЕГІ