Танымал әнші, эстрада жұлдызы Роза Әлқожа ұлының көптен күткен тойы қалай өткенін айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
"Адамның ықылас-ниеті бәрін шешеді. Бар бола тұра бәлсініп, бағасын арттырғаннан, қолындағысын шашып жейтін ақсұңқар артық. Алла сол пейіліне оған аспан сыйлаған!
Сондықтан да биікке ұша алады, қалықтай алады, сараптай алады.
Пендешілікпен ойы төменде жүргеннің өзі төменде жүреді!
Өз ойы, өз бағамы жоқ, әлдекімнің пікірімен әлдеқайда жүреді. Өз бақытынан алыс жүретіндерге тәңірдің берер жазасы да сол…" - деп пайым жасайды алдымен өнер иесі.
Ол барыңды сақтау, бағыңды бағалау - екі айналып келмейтін дүниенің ең қайырлы ісі екенін еске салады.
"Қолда барда қорлап, шама келгенде шарпып қалғанда не табасың?! Табатының - бедел биігіңнің бетегеден биік қана болуы…
Дәрежені беретін құдай екенін ұмытып кете беретініміз болмаса, бәрі жақсы. Тәубеге түсірер пендесін тәңір өзі таразылайды!
Ешкімнен ештеңе дәметпей, бергендерге береке тілеп, әкелгендерді сандыққа сүңгітпей, несібесі деп қарап неше күн тойлаттық", - дейді содан соң Роза.
Әнші беташарды бөлек, құдалықты үйде, тойды өз алдына жеке өткізгендерін жеткізді.
"Жоспарланған 500 адамның орнынан 700 адам дәм татты!
Айтайын дегенім - мен өз уақытында өз ортасында жүре алмаған, көшке кеш қосылған өнерпазбын ғой. Беташарда асаба болатынын ойламапын. Әнші керегін де аңғармағанмын.
Әбдіжаппар өзі іштей ұғынды-ау деймін, үнсіз бәрін реттеді.
Тойда да нағашысының ниеті биледі. Мен өзім күткен екі әнші келмеді. Алланың бұйрығы деп “қолды жібере салғанмын!”
Осы жазбамда арнайы ініме алғыс айтқым келді. Оның достарына рақмет!", - дейді Роза Әлқожа.
Өнер иесі Ерлан Төлеутай, Сәуле Жанпейісова, Мирас аға мен Құралай әпке бастап, Заттыбек қыздырған тойды Қайрат пен Төреғали, Ғазизхан мен Нұрболат көтеріп кеткенін айтады.
"Нұрбол Пайызов досым сөзден жаңылмай сауатты бастаған тойды Ерасыл мен Ертай көңілдендіріп, көркемдеп берді. Нұржан Аташ бастаған жігіттер өз тойында жүргендей қызметте болды.
Үлкен мен ортаның ортасы кішінің қуанышын солай атқардық.
Бар жанашыр, тілеулеске тәңір еселеп берсін!", - деген әнші.