Өскеменде темекі тұқылынан шыққан өрт бір пәтерді жалынға орады

Төтенше жағдай қызметкерлері темекі тұқылы да өртке себеп болатынын ескертті.

Өскеменде 26 қарашада түнгі сағат 3.00 шамасында Гоголь көшесінде орналасқан 2 қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтерде өрт шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Шығыс Қазақстан облысы ТЖД өрт сөндіру қызметінің мамандары жедел түрде баспалдақпен 5 тұрғынды, оның ішінде 2 баланы эвакуациялады. 3 иінді сатыны орнатып, пәтер иесі өрт аймағынан құтқарылды. Өрт сөндірушілер 20 шаршы метр аумақты шарпыған өртті сөндірді.

Ведомствоның мәліметінше, 4 техника мен жеке құрамның 13 адамы тартылған.

Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері тұрғындарды тексеріп, уақытылы алғашқы көмек көрсетті.

ШҚО ТЖД мамандары темекі тұқылы да өртке себеп болатынын ескертті. 2,5-3 сағаттан кейін температура 410-470°C дейін көтеріліп, от тұтана бастайды.