Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру тапсырмасын орындау мақсатында «Astana Hub» IT-стартаптар Халықаралық технопаркімен бірлесе ұйымдастырылуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«AMANAT TECH» әлеуметтік стартаптарды дамыту алаңының ашылуы салтанатына «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев қатысып, жобаның ең негізгі міндеті жастар арасындағы өзекті мәселені олардың өздерінің қатысуымен шешілуі екенін жеткізді.
«Бүгінгі ІТ алаңда қоғамда ең өзекті болып жатқан есірткімен күрес мәселесі талқылануда. Бұл мәселені жастар бәріне ортақ тиімді әрі оңтайлы шешім – жоба ретінде ұсынбақ. Нашақорлықпен күресудің түрлі жолдарын жастардан сұраймыз деп шештік. Себебі, атаулы ғасыр дерті жас буын арасында, өз орталарында аса жылдамдықпен таралуда. Есірткіге қарсы күрес, балалар арасындағы буллинг, қоғамдағы өзге де мәселелерді «AMANAT TECH» аясында шектеп қалмай, партия тарапынан жобаның ауқымын кеңейтіп, Қазақстанның барлық аймақтарын қамтуды қарастыру жоспарда бар. Әрине, бірінші кезекте қатысушылар тарапынан болған сұранысты ескеретін боламыз», – деді партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
«Astana Hub» IT-стартаптар Халықаралық технопаркімен бірлесе өтіп жатқан хакатонның жалпы жүлдеқоры 4,4 миллион теңгені құрайды. Ең үздік жоба – І орынға 1 400 000 теңге, ІІ орынға 1 000 000 теңге, ал ІІІ орынға 800 000 теңге табысталатын болады.
«Astana Hub» басқарушы директоры Танат Ускембаев қатысушыларға қосымша мотивация ретінде арнайы номинацияларды қарастырдық дейді.
«Қатысушылардың жобаға деген қызығушылығын көріп, арнайы номинацияларды қарастыруды шештік. Тақырып өте ауқымды. Тиісінше, көп ізденісті қажет етеді. Командаларға арнайы бағыттар бойынша бөлінген менторлар консультация береді. Жобаларына керекті ақпарат пен өздерін толғандырған сұрақтарын қоюына мүмкіндік бар. Сондай-ақ, жобалардың таныстырылымы кезінде үздік деп танылған 2 командаға «Best market ready solution» және «The best scaling potential» номинацияларын беретін боламыз», – деді Танат Өскембаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоғарыда көрсетілген әр номинацияны ұтқан командаға 600 000 теңгеден табысталмақ. Хакатонға Атырау қаласынан келген «Vital» командасының мүшесі Мирас Егеубай әлеуметтік желілерден байқау өтеді дегенді көріп, бірден өтініш тастадық дейді. Мирасты және командалас достарын қызықтырған байқаудың бағыттары екен. Олар шараның алғашқы күнінде-ақ белсенділік танытып, көзге түсті дейді Жастар қанатының өкілдері.
Сонымен қатар командалар 2 күн бойы «Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу», «Нашақорларға көмек және оларды оңалту», «Білім және хабарламалау», «Ата-аналарға арналған интерактивті ресурстар» және «Әлеуметтік қолдау және психологиялық көмек» сынды бағыттар бойынша идеялар мен шешімдер іздейтін болады.
Ал ертең дайындалған жобалардың таныстырылымы өтіп, жеңімпаздар анықталады.