Көзі аларып кеткен: Үш рет тұрмыс құрған Бақыт Шадаева күйеулері туралы айтты

Ол күйеулерінің қызғанышынан бірнеше рет ауруханаға түскенін де атап өтті.

Танымал әнші, эстрада жұлдызы Бақыт Шадаева "Менің өмірім" бағдарламасына қонақ болып, жеке өміріне қатысты құпиясын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Өнер иесі үш некесінің де сәтсіздікпен аяқталғанын көпшілікке жайып салды. Мәселен, екінші жолдасын 10 жылдан кейін кездестірген.

"Білімді, өте жақсы жігіт деп ойладым. Ол заң саласында сот болып істейді. Ол да ажырасқан. Екінші жолдасым туысқандарымен бірге үйге құда түсіп келді. Алайда мен олардың қатты асыққандарына таңғалдым, себебі менің гастрольден келген кезім, екеуміз аса сөйлесіп те үлгерген жоқпыз. Анам менің өнер жолында жүргенімді, менің халықтың қызы екенімді, барлығын түсіндіріп айтты. Олар бәрін білетінін, түсінетінін жеткізді. Солай үйлендік, мен де қуандым", – деді әнші.

Оның пайымынша, әрбір әйел бақытты болуға лайықты. Балалары болса да, отбасылы болғанды қалайды. Өзгенің көз алдында жанұялы, жанында қорғаушысы бар адам болып көрінгісі келеді.

"Тойдан кейін Қарағандыға барып тұрдық. Жолда кетіп бара жатқанда телефоныма тыным жоқ, адамдар хабарласып жатыр. Бір уақытта бір кісі қоңырау шалып қалды да, "Бақыт Шадаевасыз ба? Мен шынымен Бақыт Шадаеваның даусын естіп тұрмын ба? Мен сізді қатты жақсы көремін" деді. Қасымда жолдасым келе жатыр. Мен сасқанымнан рақмет айтып жатырмын. Сол сәтте ол қолымнан телефонымды жұлып алып, көліктің ішінде сындырып жіберді. Мен не болып қалды деп, ештеңе түсінбей қалдым. Оның қылығынан қорқып кеттім. Оның көзі аларып кеткен, "сені жақсы көрем деп жатса, сен оған мәзсің" деді. Осындай қызғанышынан мен бірнеше рет ауруханаға түстім. Үшінші рет қол көтеріп, басымды соққан кезде мен бұған шыдап тұра алмаймын дедім", – деп ағынан жарылды әнші.