Екіжақты ынтымақтастық нығая бермек

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай коммунистік партиясы ОК Саяси кеңесі тұрақты комитетінің мүшесі, ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсянды қабылдады.

Кездесу барысында қазақ-қытай стратегиялық се­ріктестігінің жай-күйі және оны дамыту перс­пек­­тивасы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бұған дейін қол жет­­­­кізген уағдаластықтарын екі ел үкіметтерінің іске асыру барысы талқыланды.

– Қытаймен екіжақты қатынасты мүлде жаңа дең­гейге көтеру Қазақстанның маңызды стра­те­гия­лық басымдығы саналады. Шын мәнінде, қа­зақ-қытай байланыстары өзара тиімді мем­ле­ке­тара­лық ықпалдастықтың үлгісін көрсетеді деп ой­лаймын. Біз Қытайды өте маңызды стратегиялық се­ріктес ретінде қарастырамыз және барлық сала­да­ғы ынтымақтастықта нақты нәтижеге қол жет­кі­зе­тінімізге үлкен үміт артамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жуырда өткен жоғары дең­гей­дегі үшінші «Бір белдеу, бір жол» форумы ора­сан зор табысты болғанын және ҚХР Төрағасы Си Цзи­ньпиннің ауқымды бастамасының одан әрі даму жолын айқындағанын еске салды. Прези­дент­тің айтуынша, Қазақстан бұл жобаны жүзеге асы­руға жан-жақты атсалыса береді.

– Өзіңізге мәлім, мен жақында Бейжіңге ресми са­пармен барып, Төраға Си Цзиньпинмен жан-жақ­ты келіссөздер жүргіздім. Жоғары деңгейдегі ке­ліссөздер өте мазмұнды болды және ынты­мақ­тас­тықты нығайту жолындағы маңызды кезеңге жол ашты. Өзара визасыз режим күшіне енді. Ке­­­лесі жыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жы­лы болып жарияланды. Бұл өзара қарым-қатынас, әсіре­се жастар үшін өте маңызды шешім деп са­наймын. Қытаймен арадағы ынтымақтастықты да­мыту әрбір елдің басымдықтарының бірі екенін та­ғы да атап өткім келеді. Біз бұл мәселеге жоғары дең­гейде мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент бүгін Астанада өткен Қа­зақстан мен Қытайдың Ынтымақтастық жө­нін­де­гі комитетінің 11-отырысы сауда-экономика са­­­ласындағы бірлескен іс-қимылдарды әзірлеу ісінде маңызды рөл атқаратынына тоқталды.

Өз кезегінде Дин Сюэсян Қасым-Жомарт Тоқаев­қа ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің сәлемін жет­кізіп, екіжақты ықпалдастықтың даму қар­қы­ны­на көңілі толатынын айтты.

– Біз мемлекеттер басшыларының уағда­лас­тық­тарын іске асыру арқылы өзара ынтымақ­тас­тық­та жаңа нәтижеге ұдайы қол жеткізуді мақсат ете­міз. Қытай Қазақстанның мемлекеттік құрылыс са­ласындағы орасан зор жетістіктеріне шын жү­рек­тен қуанады. Қытай-Қазақстан қатынастары­ның табысты дамуы біздің ортақ мүддемізге толық сай келеді, сондай-ақ өңірдегі бейбітшілік пен тұ­рақтылыққа ықпал етеді. Қытай тарапы мем­лекеттер басшыларының қол жеткізген уағда­лас­тықтарын және «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жо­ғары деңгейде әрі сапалы түрде бірлесіп жүзеге асыруға дайын, – деді ҚХР Мемлекеттік кеңесі Пре­мьерінің орынбасары.

Кездесу барысында сауда, ауыл шаруашылығы, ин­вестиция, көлік, логистика, энергетика және бас­қа да салалардағы өзара ықпалдастықты нығай­ту мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақ­тас­тықты дамытудың өзектілігі атап өтілді.