Бұл ала жаздай атыз жағалаған ағайынның төккен терінің өтеуі қайтты деген сөз. Алайда соңғы жылдары өңірде су тапшылығы егін шаруашылығын айтарлықтай тұралатып тұр.
Биыл да Сыр диқандары су тапшылығын сезінбей қалмады. Су үнемдеу мақсатында суды аз қажет ететін өнімдерге бетбұрыс жасап, суарудың түрлі тәсілін қолданысқа енгізген шаруашылықтар бой көрсетті. Көкөніс, бақша дақылдарын өсірген ауылдар да болды. Дейтұрғанмен, алқапқа су жетпей, еселі еңбектері зая кеткендер аз болмады.
Бұл – Сыр өңірінде 2-3 жылдан бері орын алып отырған құбылыс.
Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәлімдеуінше, өткен науқанда Сыр өңірінде 193,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде картоп, көкөніс, бақша дақылдары 19,8 мың гектарға егілсе, күріштің көлемі 89 мың гектарды құраған. Бұған қоса, биыл өңірде су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы барлығы 872,5 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның 577,5 гектарына тамшылатып суару, ал 295 гектарына жаңбырлатып суару әдісі қолданылған.
«Биыл егін егу науқаны барысында облыс шаруашылықтары 100 пайызға жоғары репродукциялы тұқыммен және қажетті тыңайтқыш, жанар-жағар маймен қамтамасыз етілді. Бұл тұрғыда егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын оңтайлы мерзімінде агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Негізінен, егілген ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары өнім алу мақсатында 61 мың тонна минералдық тыңайтқыштар, 80,7 мың тонна гербицидтер сатып алынды. Сондай-ақ күріш егістіктерінің 58,7 мың гектары арамшөптеріне қарсы өңделіп, 59,0 мың гектары тыңайтқыштармен үстеп қоректендірілді», – дейді бұл жайында басқарманың егіншілік бөлімінің басшысы Жүсіпбек Әжібеков.
Басқарманың ақпаратына сәйкес, облыста жиын-терім жұмыстары жоспарға сай жүргізілген. Қазір ерте егілген дақылдарды жинау, күрішке орақ салу жұмыстары толығымен аяқталды. Соның ішінде Сырдың басты дақылы– күріштен биыл 503,3 мың тонна өнім жиналғанын алға тартады.
Жалпы, соңғы жылдары құрғақшылық атакәсіптің жағдайын құрғатып жібергені жасырын емес. Сыр бойын жағалай қоныстанған Арал мен Жаңақорған аралығында ерте көктемнен еселі еңбектің лебі еседі. Кетпені мен күрегін арқалаған шаруалар жерін жыртып, дәнін сеуіп, берекелі күзде мол өнім күтеді. Бірақ межелі өнімге қол жеткізе алмай, шығынға батқан шаруалар аз емес.
Биылдың өзінде өңірде көкөніс, бақша өнімдерінен мол өнім ала алмай, еңбегі зая кеткен тұрғындар бой көрсетті. Оған тағы сол су жетіспеушілігі қолбайлау болғаны мәлім. Ол аз десеңіз, кей өңірде кеш егілген күріштің әуресі шаруаларды елең-алаң күйге салды.
Күріш демекші, күріш дақылына келгенде тіліміз күрмеле беретін күйге түстік. Шаруашылықтарды сөзге тарта қалсаңыз, қуаңшылықтың қасіреті, субсидия, техника мен дизель отыны мәселесі өздігінен қылтиып көрініп жатады.
«Өңірде су мәселесінің қыспаққа алып тұрғанына көп болды. Егін егу науқанын шығынсыз аяқтау үшін түрлі тәсілді қолдануға мәжбүрміз. Ала жаздай сорғы қою арқылы және кезектестірумен біраз қиналып шықтық. Сорғының да өздігінен жұмыс істемейтіні белгілі. Оған арнайы жеңілдетілген дизель отыны да қарастырылмаған. Тек егін жинау үшін техникаға жарататын жанар-жағар май ғана жеңілдетілген арзан бағада беріледі. Бұл егістікпен айналысатын шаруаларды шаршатып тұр», – дейді «Абай Дәулет ЖШС директорының орынбасары Марат Сәрсенбай.
Негізінен, өңірде күріш дақылына қатысты мәселе аз емес. Соның ішінде облыс орталығындағы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жағдайы әлі күнге дейін мүшкіл. Тарихы тереңнен тамыр тартатын бұл мекеменің өндірісті жаңа сұрыптармен толықтырып, күріш шаруашылығын өрістетуге ықпалы зор. Алайда білікті ғалымдардың басын біріктірген институттың келешегі бұлыңғыр. Қаржылық қиындық құрдымға сүйреп барады. Бұл жайында көпшілікке жыл басында белгілі болды. Сол уақытта бұл мәселе депутаттардың да назарынан тыс қалмаған еді. Бірақ әлі де еш өзгеріс болмай тұр екен.
«Күріш институты әлі күнге дейін қаржылық көмекке зәру. Жыл басынан бері мекемеден базалық қаржыландыру жүйесін алып тастағаны жайында бұған дейін айттық. Содан бері ғылыми орталық қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қиындап тұр. Соның салдарынан жаңа сұрыптар дайындап, ғылыми жұмыстармен айналысуға орталықтың шамасы жетер емес. Қызметкерлеріміздің материалдық жағдайы да жұқарып кетті. Сондықтан мемлекет тарапынан бұл мәселе қаперге алынып, оңтайлы шешімін тапса», – дейді бұл жайында аталмыш Ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Жанар Жұмаділова.
Жалпы, облыстық басқарма тарапынан биылғы жыл нәтижелі қорытындыланғанын тілге тиек етіп отыр. Әрине, бұл қуантарларлық жағдай. Алайда шаруалар егін науқанын ептеп жүріп аяқтағанын алға тартады. Сол баяғы су тапшылығы мен субсидия мәселесі шаршатып тұрғанын айтады. Ал күріш шаруашылығы институтын қаржы тапшылығы күмілжітіп тұр.
Атыз жағалаған ағайынның ендігі үміті келер жыл еншісінде. Жоғарыда аталған кемшіліктер оңтайлы шешімін тапса, алдағы науқанда бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізетініне күмән келтірмейді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы