Аядай ауылдың білім ошағы туралы ақпарат қазір бүкіл республикаға жайылды. Мектеп мұғалімдері бюджетке 57 млн қарыз болып шыққан. Бұл қалай болды? Біз мектеп мұғалімдерімен сөйлесіп, мән-жайды ұғынып көрдік.
Серебряков мектебінің ұжымы үшін өткен оқу жылы сәтті аяқталмады. Мектепте жүргізілген аудит қорытындысын қолына алған мұғалімдер есеңгіреп қалғанын айтады. Мектеп ұжымы үшін 2021-2022 жылғы оқу жылына жүргізілген аудиттік тексеріс ауырлау тиген. Ауыр болмағанда қайтсін, мектеп ұжымының мойнына 57 млн теңге қарыз іліп кеткен. Мектептегі мұғалімдер, кіші қызметкерлер, күзетшілер – бәрі енді осы қарызды Үкіметке кері қайтаруы керек. Бір ғана жалақыға өмір сүріп отырған мектеп ұжымы үшін бұл қарызды қайтару оңайға соқпайтынын айтады.
– Соңғы аудиттік тексерістің шешімі бойынша бюджетке 1 млн 300 мың теңге қарыз қайтаруым керек. Мен мұнымен келіспеймін. Төлемеймін. Бізде 76 адамға осындай қарыз бар деп шығарып берді. Қазір ұжым болып ақылдасып жатырмыз. Тәуелсіз аудит шақырдық. Енді соның қорытындысын күтеміз, – дейді мұғалім Анаргүл Кисметова.
Ал Ғалия Жаңабаева осы Серебряков мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. 38 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз үшін мемлекеттің алдында қарыз болу үш ұйықтаса түсіне кірмепті. «Ақшамызды ай сайын алып отырдық, артық төлем болса көрінер еді ғой», – деп қапаланады тәжірибелі мұғалім.
– 2023 жылдың мамыр айында аудиттің шешімі деп «2 млн 800 мың теңге қарызсың» деп шығарып берді. Әрине, төбемнен жай түскендей болды. Оны қалай төлеймін?! Төрт балам бар, несием бар. Бір жалақыға өмір сүріп отырмын. Өз басым ай сайын жалақымды алып жүрдім, артық ақша төленгенін байқаған жоқпын. Біз ай сайын жалақымыздың түбіртегін есепшіден сұрайтынбыз, бірақ ол тек қолмен жазып беріп жүрді, электронды түбіртек алған емеспін, – дейді Ғалия Жаңабаева.
Бізбен сөйлескен мұғалімдер күнде тергеушінің табалдырығын тоздырып жүргенін айтты. «Альфавит бойынша тергеуге шақырып жатыр. Күнде барамыз» дейді бізбен сөйлескен мұғалімдер.
– Қазір біздің жағдайымыз нашар. Өте қиын десек те болады. Жұмысқа келгенде кәдімгідей ұрысқа шығатындай әзірленіп келеміз. Жазғы демалысымыз да дұрыс өтпеді, – деп Арайлым Макпозова ұжымның көңіл күйін айтып берді.
Бұл мәселені БҚО Білім басқармасы да біліп отыр.
– Олар өндіруге міндетті. Заңға сәйкес, олар төлейді. Бұл ақша бюджетке қайтарылатын ақша, себебі оларға өткізілмеген сағаттар үшін ақша төленген, – деп жауап берді Білім басқармасы басшысының орынбасары Клара Меңдіғалиева.
Серебряков мектебінің мұғалімдері ешқандай артық төлем көрмедік дегеннен танбай отыр. Ең сорақысы, олар өз атынан бірнеше шоттың ашылғанын көрген.
«Мұғалімдердің атынан қосалқы шотты кім ашуы мүмкін? Бұрынғы бас есепші осындай қадамға баруы мүмкін бе?» деген сұрағымызға Білім басқармасы басшысының орынбасары былай деді: «Банк болсын, есепші болсын, біреудің атынан қосымша шот ашпайды. Шотты адам тек өзі қол қойып ашады. Мектеп директоры, есепшісі мұғалімдер атынан шот ашуы мүмкін емес».
Серебряков мектебінде қазір жаңа басшы. Бұрынғы басшы да, бас есепші де қазір жұмыста жоқ. Сол атышулы тексерістен кейін жұмыстан кетіпті. Ал жаңа басшы болса ештеңені білмейтінін айтып құтылды.
Аудиттік тексеріс Серебряков мектебіне 2021-2022 жылғы оқу жылы үшін жүргізілген. Осы тексерістің қорытындысы бойынша 76 адамға заңсыз ақша аударылғаны айтылған.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі Серебряков мектебіндегі мұғалімдерге қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалмағанын жеткізді.
– Серебряков жалпы білім беретін мектебінің лауазымды тұлғалары мен оқытушыларына қатысты біздің өндірісімізде ешқандай қылмыстық іс жоқ. Бірақ осы мектептің бас есепшісіне қатысты қылмыстық іс тергеліп, қыркүйек айында сотқа жіберілді. Мектептің бас есепшісі 3 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін тергеу жүргізілді. Қазір сот процесі жүріп жатыр, – деді БҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі Бағдат Жұмағазиев.
Енді осы 57 млн қаржыға қатысты іс азаматтық-құқықтық тәртіпте БҚО Білім басқармасына жолданыпты. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі Бағдат Жұмағазиевтің айтуынша, енді 57 млн қаржыға қатысты мәселені Білім басқармасы мен мұғалімдер өздері шешеді.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы