Алаяққа алданып жүрген жоқсыз ба?
Статистикалық деректерге сүйенсек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі әзірге 40 пайыз көлемінде екенін көрсеткен. Агенттіктің болжамынша, 2024 жылы бұл көрсеткіш 41%-ға дейін көтерілмек. Сарапшылар әр адам өз бюджетін жоспарлау аса маңызды деп санайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаражатты басқару деңгейі жоғары деген бірқатар өңірді атаған. Олардың қатарында Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облысымен бірге Түркістан облысы да бар. Ал қалған өңірлер деңгейі орташа саналыпты.
Алайда соған қарамастан оңтүстік өңірде әлі де қаржылық алаяқтарға жем болу дерегі азаймай тұр. Құқық қорғаушылар тұрғындарға алаяқтардан барынша сақ болуды және кез келген ұсынысты қабылдамас бұрын оның мән-жайын толық тексеріп алуды ескертудей ескертіп-ақ келеді. Мәселен, Түркістан облысы аумағында халық көп жиналатын орындарда әкімшілікте және оқу орындарында қаржылық сауаттылықты арттыру және интернет алаяқтықтан сақтану мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, баннер; лэд экрандар және жабыстырмалы парақшалар таратылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын байқаймыз.
Өкінішке қарай, соған қарамастан сала мамандары Түркістан облысында биылғы жылдың 9 айында 360 интернет алаяқтық қылмыс тіркеліп, 139 қылмыстық іс сотқа жолданғанын айтады. Зерделеу барысында тіркелген қылмыстық істердің ішінде 118 онлайн, 112 интернеттен алдын ала төлем жасап тауар алу түрлері тіркелген. Яғни, тіркелген алаяқтық әрекеттердің барлығы дерлік қара халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі салдарынан орын алған қылмыстар.
Алаяқтардан сақ болу тұрғысында тиісті сала органдары «Интернет алаяқтықтардан сақтану үшін Полиция департаменті ескереді» тақырыптарында 98 мәлімет 30-дан астам әлеуметтік желілерде жарияланып 8 бейнеролик мессенджерлер арқылы таратқан.
Қаржылық алаяқтардың айла-тәсілдеріне егде жастағы адамдар ғана емес, сонымен қатар жоғары білімі бар және IQ деңгейі жоғары азаматтар да түсіп қалып жатады екен. Сондықтан полицейлер мұндай әрекетке баратындардың әккі екенін, алаяқтық әрекетті қалай жасау керектігін жақсы меңгерген психолог болатынын айтады. «Көбінесе сүйкімді болып келеді, адамға тез ұнап қалатынымен немесе олардың аяушылығын тудыра білетіндігімен азаматтардың сеніміне оңай енеді», – дейді олар. Олардың тілі шұрайлы, қай уақытта қандай сөз айту керектігін, қандай интонациямен сөйлесу қажеттігін және қандай хабарлама жасауға болатынын да жақсы біледі. Айталық, сізге белгілі бір адам қоңырау шалып, атыңыздан кредит ресімделгенін хабарлайды. Әрине, мұндай кезде бойыңызды қорқыныш билеп, өзіңізді жоғалтып та қоюыңыз әбден мүмкін ғой. Міне, осы кезде «қамқор» алаяқ сізге өзінің көмектесе алатынын айтып, дербес деректеріңізді сұрайды. Соларды берсеңіз қалғанын банктің өзі реттейтінін мәлімдейді. Сізден жылдам және дәл қазір шешім қабылдауды талап етеді. Әйтпесе, сіз өз мүмкіндігіңізді жіберіп алатыныңызды да ескертеді.
Мұндай алаяқтардың құрығына көбіне зейнеткерлер түсіп қалады екен. Өйткені зейнет жасындағылар мемлекеттік органдар мен полицияға көбірек сенім артады. Сондықтан егер оларға өзін осындай орган қызметкері болып таныстырған адам жүгінсе, олар оған кәміл сенеді. Егер де сіз осындай жағдайға тап болып, күмәндана бастасаңыз, дереу полицияға хабарлауыңыз керек. Есіңізде болсын, банк қызметкерлері сіздің деректеріңізді телефон ақылы сұрамайды. Алаяқтар интернет пен IT-технологиялардың дамуымен әккі-шебер бола бастағанын да ұмытпауымыз керек.
Тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше, алаяқтар тұрғындарға ұялы телефонына қоңырау шалып, өздерін банктер мен басқа да қаржы ұйымдарының қызметкерлеріміз деп көрсетеді. Қоңырау шалатын алаяқтар қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерінің көшірмесін жасауға мүмкіндік беретін SIP телефония сияқты бағдарламалық құралды пайдаланады екен. Әңгімелесу кезінде олар сіздің картаңыздан ақшаны шығару әрекеті туралы хабарлайды және сізден жеке кабинетіңіздегі құпия сөзді өзгертуді, жаңа пароль мен SMS кодын ұсынуды сұрайды. Алаяқтар, тіпті мәселені жылдам шешу гаджетіңізге қашықтан қосылу үшін өз қызметтерін ұсына алады. Мұны істеу үшін олар AnyDesk және TeamViewer қолданбаларын жүктеп алуды сұрайды. Есептік жазбаларыңызға қол жеткізген алаяқтар барлық ақшаны алып, тіпті сіздің атыңыздан несие ала алады.
Сондықтан егер сізге банк қызметкерлері қоңырау шалса, сөйлесуді дереу аяқтаңыз. Есіңізде болсын, нақты банк қызметкері сіздің жеке деректеріңізді нақтылау үшін сізге ешқашан қоңырау шалмайды. Банкте сіздің толық қаржылық файлыңыз бар. Бұл ақпарат тек алаяқтар үшін маңызды екенін ұмытпаңыз.
Шабуыл жасаушылар қарапайым адамдардың психологиясын жақсы меңгерген. Олар тез және сенімді сөйлейді. Кәсіби терминдерді қолданады. Сізді шешім қабылдауға асықтырады. Қажет жерінде қорқытады. Сондықтан барынша сақ болу керек-ақ.
Өңір полицейлері Түркістан облысы бойынша, Дін басқармасымен бірлесе отырып, әр аптаның жұма күндері мешіт және медреселерде, ал Мәдениет және туризм басқармасымен бірлесе отырып әрбір мәдени іс-шаралардың барысында «Интернет-алаяқтарынан сақ болыңыздар» тақырыбында ескертпе жұмыстарын жүргізіп келеді. Жоғарыда келтірілген нақты статистикалық деректердің өзі өңір полицейлері алаяқтық қылмыспен күрес жұмыстарын барынша күшейткенін көрсетеді.
Түркістан қалалық Полиция басқармасының тәртіп сақшылары «Мемлекет тарапынан қайтарымсыз негізде берілетін грантты алып беремін» деп алаяқтық әрекетін жасаған әйелді анықтаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде. Бүгінде тұрғындар арасында дәл осындай жандардың құрығына түсіп қалу дерегі жиі кездеседі.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы