Жалпы, халықтың әлеуетін арттыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 7 қазанда 10 бірдей ұлттық жобаны бекіткен болатын.
Қол қойылған осы құжаттың барлығы дерлік халықтың тұрмысын оңалтып, елді тұрақты әрі қолайлы жұмыспен қамтуға бағытталған десек, артық емес. Бүгінде ел Үкіметі аталмыш жобалардың басым бағыттары бойынша жұмыс істеуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің мәліметінше, жұмыспен қамту бағыттары бойынша 2022 жылға республикалық бюджеттен 33,2 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен 8,5 млрд теңге қарастырылған екен. Бұл қаражаттың барлығы ұлттық жобада көрсетілген 10 бірдей міндетті түгел қамтып отыр.
Еңбек нарығындағы ахуал қандай?
Министрліктің мәліметінше, ұлттық жобалар шеңберінде 2021-2025 жылдар аралығында жалпы ел бойынша 2,5 млн жұмыс орны құрылмақ. Оның ішінде тұрақты жұмыс орны 803,7 мың болса, уақытша жұмыс орны 1 727,9 мыңды құрамақ.
Ұлттық Статистика бюросына сүйенсек, халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп, зерттеу деректері бойынша 2023 жылдың I тоқсанында Қазақстан экономикасының түрлі саласында 9 млн адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл жұмыспен қамтылғандардың 76,4%-ын құраса, жалдамалы жұмыспен 2,1 млн адам қамтамасыз етілген. Демек, еліміздегі уақытша жұмыспен қамтамасыз етілгендердің пайыздық үлесі 23,6%-ды құрайды. Былтырғы I тоқсанмен салыстырғанда елімізде жұмыспен қамту 250,8 мың адамға өскен. Елімізде жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда-саттық саласы болып отыр (17,2%), одан кейінгі орындарда білім беру (12,9%), өнеркәсіп (12,6%), сондай-ақ ауыл шаруашылығы (11,5%) салалары тұр.
Басым бағыттар – басты назарда
2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында сол жылға дейін барлығы 266 мыңнан аса жұмыс орнын құруды көздейтін негізгі 847 инвестициялық жобалар пулы қалыптасып үлгерген. Олар дайын өнімнің импортын алмастыруға және экспортына бағытталған. Өнеркәсіпті дамыту қоры қарсы міндеттемелерді орындау шарттарында жеңілдікті мөлшерлеме бойынша 305 млрд теңге сомасында қаражат бөлуді көздейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоспарланған бағдарламалар негізінде «Жастар практикасы» жобасына 23,5 мың адамды қамту көзделсе, тағылымдамадан өтетін мамандардың тәжірибе алу уақытын 6 айдан 12 айға дейін ұзартқан. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 96 мың адамды қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылып отыр. Бұл өз кезегінде мамандардың қалыптасып, өзінің бейімділігін арттыруға зор мүмкіндік болып отыр.
Халықтың тұрмысын оңалту мен әл-ауқатын арттыру бастамасын «AMANAT» партиясы да өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырып, біршама іске мұрындық бола білуде. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының бірінде 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» жобасы сәтті жүзеге асуда. «Лайықты жұмыс пен еңбек жағдайы» жобасына еңбек нарығындағы кейбір келеңсіздіктерді жоюда партия тарапынан ерекше назар аударылып, халық тарапынан оң баға берілуде.
Өңірлердегі көрсеткіш көңіл көншітерлік
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы Спабек Нұрсейітұлының айтуынша, министрлік күн сайын еліміздегі еңбек нарығына байланысты мониторинг жүргізіп отырады.
«Дәл қазір еліміз бойынша 4 600-ге тарта түрлі жоба дайындалып, 70 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланып отыр. Мұны электронды еңбек биржасы арқылы да бақылауға мүмкіндік бар. Осы күнге дейін еліміз бойынша 640 мың азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Ал уақытша немесе мемлекет тарапынан субсидияланған жұмыс орындарына 180 мыңнан астам адам орналасқан. Одан бөлек, 10 мың жас азамат жастар практикасы бойынша жұмысқа тартылып, олардың 5 мыңы тұрақты жұмысқа қалдырылды. Мұның барлығы – Мемлекет басшысы бекіткен ұлттық жоба жүйесі бойынша атқарылып жатқан шаруалар», – дейді С.Нұрсейітұлы.
Біз еліміздегі басты үш қаладағы жағдайды жан-жақты бағамдаған болатынбыз.
Астана
Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіповтің мәлімдеуінше, биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 22 312 адам тартылды. Оның ішінде 11 591-і – 35 жасқа дейінгі жастар. Жұмысқа орналастырылғандар саны бойынша тұрақты жұмыс орындарына – 7 407, қоғамдық жұмыстарға – 2 278, жастар практикасына 968 адам жіберілсе, әлеуметтік жұмыс орындары бойынша – 303, бірінші жұмыс орны – 297, «Күміс жас» – 789, ұрпақтар келісімшарты – 6, ЛСИ-1 үшін арнайы жұмыс орындары – 1, кәсіптік оқыту – 209, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқыту – 8 628, сұранысқа ие дағдыларды онлайн оқыту 971 адамды құрап отыр», – дейді Ерлан Жүсіпов.
Алматы
Алматы қаласы бойынша жыл басынан бері 7 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылған екен. Бүгінде қалалық электронды еңбек биржасында жұмыс берушілер 4 225 бос жұмыс орны бойынша хабарландыру орналастырған.
«Азаматтар мен жұмыс берушілерге ыңғайлы болу үшін барлық көрсетілетін мемлекеттік қызмет электронды форматқа көшірілді. Қазір барлық қызмет онлайн форматта ұсынылады, бұл – жұмыс іздеушіні жұмыссыз ретінде тіркеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің ерекше мүмкіндігі. Биылдан бастап қаламызда 21 865 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тұрақты жұмысқа 9 370 адам, субсидияланатын жұмыс орындарына 12 495 адам орналастырылды», – дейді Алматы қаласының еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Сағындық Кенжебаев.
Шымкент
Шымкентте жыл басынан бері 61 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған.
«Биыл 6 065 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарланған. Қазір 8 349 адам жұмыспен қамтылды. Жұмыссыз азаматтар әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасы, ақылы қоғамдық жұмыстар мен «Алғашқы жұмыс орындарының жобасы», «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы, «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар қазір жұмыссыз азаматтарды қысқамерзімді кәсіптік оқыту жүзеге асырылуда. 800-ге жуық азамат жұмыс беруші мекемелерде және 1 500-ден астам адам оқу орталықтарында тегін кәсіптік білім алып жатыр», – дейді Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Сабыржан Арапбай.
Жалпы, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша биыл 23 420 жұмыс орны (тұрақты – 22 044, уақытша – 1 376) құрылатыны жоспарланған.
Бердібек ҚАБАЙ