Ал 12 жасар балғын білім алып жатқан оқу ордасы аталған қылмысты жасыру үшін қолдан түсік жасатқан. Бауыр еті баласының бұлайша қорлануына шыдай алмаған ана шырыл қағып, құқық қорғау органдарына арызданған. Осыдан кейін барып жауаптылар қамауға алынып, «жылы жабамыз» дегендердің жымысқы ойы жүзеге аспай қалған.
Ең сорақысы, оқушының ойын бұзып, көңілдес еткен азғын аудандық мәслихат депутатының күйеуі болып шыққан. Бастапқыда күдікті жасөспірімге телефон сыйлап тілін тапса, жүкті екенін естігенде жарының беделін айтып қорқытқан көрінеді. Бұл жайында жыныстық зорлық көрген жасөспірімнің анасы Мариям Смадиярова баян етті.
– Қызым қатты қорқып қалған. Баламның аяғы ауыр екенін білгенде бірден құқық қорғау органдарына шағымдануға бел буғам. Алайда қызым: «Мама, оның танысы көп. Әйелі – депутат. Балабақшада меңгеруші болып істейді» деп шырылдап жылады, – дейді анасы.
Қызыма түсік жасатқанын да білмедім. Күштеп түсік жасату үшін баламды Жаңатастан Қаратау қаласына апарған екен. Сонда жекеменшік гинеколог жалдап, қылмыстарын жүзеге асырған. Барлық іс біткеннен кейін баламның төсін шарфпен орап үйге әкеп тастады. Құрсақтағы бала шамамен алты айлық болатын, – дейді көз жасын төккен ана.
Жалпы, 12 жасар жеткіншек былтыр жүкті болып қалған екен. Мұны тергеу амалдары анықтаған.
– Тергеу амалдары жасөспірім өткен жылы жүкті болғанын анықтады. Алайда мұны мектеп басшылығы барынша жасырған.
Қазір айыпталушының кінәсі толықтай дәлелденіп, іс сотқа жолданды. Сондай-ақ мектеп басшылығына қатысты Қылмыстық кодексінің 434-бабы (Қылмыстық істі хабарламау) бойынша қылмыстық іс тіркелді, – деді Жамбыл облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.
Осылайша, тіс жармай түсік жасатамыз дегендердің жаға ұстатар әрекеті әшкере болып отыр. Ал Сарысу аудандық білім бөлімінің басшысы Ілияс Баймағамбетов күдікті «Айгөлек» балабақшасында қарауыл болып жұмыс істегенін айтады. Аталған бөбекжай мемлекеттің қарауында. Ал оның меңгерушісі – халықтың қалаулысы атанған айыпталушының әйелі.
Қазір тергеу амалдары жүріп жатуына байланысты көп нәрсе ашып айтылмауда. Әлеуметтік желі қолданушыларының да пікірі сан алуан. Бірі жеткіншекке жыныстық сипаттағы азғындық көрсеткен күдіктіні қатаң жазалауды талап етсе, енді екіншілер қылмысты жасырған мектеп басшылығын да жазасыз қалдырмауды сұрауда. Енді тағы бір топ ата-анасының рұқсатынсыз түсік жасаған гинекологқа іздеу салуда.
Айтпақшы, кеше Тараз қаласында «Балалардың қауіпсіздігі – қоғам міндеті» атты ашық форум өтті. Аталған жиында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев осы жылдың он айында кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында 78 қылмыс тіркелгенін баян етті. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға төмендепті. Алайда аймақ басшысы жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыстардың нақты санын атап өтпеді. Тек «Балаларға жасалатын қылмыстар бақылауда болуы керек» деп түйді. Енді бұл түйіннен кімдер қандай сабақ шығаратыны белгісіз. Сондай-ақ Тараз қаласында 2019 жылы дәретханада зорланған оқушының оқиғасынан кейін қызметтен кеткен талай шенділердей осы жолы да әкім-қаралар былғары орындығын босата ма, жоқ па – ол жағы да анық емес.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы