Кездесу барысында екі елдің ынтымақтастығын дамыту және парламентаралық қарым-қатынасты кеңейту мәселелері талқыланды.
Палата Спикері Того Республикасы Қазақстанның Батыс Африкадағы маңызды және перспективалы серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол парламентаралық деңгейде, оның ішінде халықаралық ұйымдар аясында өзара байланысты нығайтудың мәні зор екеніне назар аударды.
«Екіжақты қарым-қатынасымызда парламентаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Біз Того Ұлттық ассамблеясымен диалог орнатуға мүдделіміз. Заң шығару органдарында тиісті Достық топтарын құру – осы бағыттағы алғашқы қадам болары анық. Депутаттарымыздың Парламентаралық одақ және басқа да халықаралық алаңдар арқылы байланыс орнатуға мол мүмкіндіктері бар. Сіздің Қазақстанға сапарыңыз екі елдің парламентаралық ынтымақтастығын дамытудың негізін қалайды деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.
Кездесу кезінде тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерге де тоқталды.
Сонымен қатар Сенат Спикері елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформаларды іске асыру жолында Палата атқарып отырған заң шығару жұмысына назар аударды.
Өз кезегінде Того Республикасының президенті Фор Эссозимна Гнассингбе Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.