Түркістан облысында сүт, тоқыма және электр жабдықтары өндірісінің есебінен өсімге қол жеткізілді – Дархан Сатыбалды

Облыстың өзіндік кірістерін көбейту үшін бірнеше маңызды жобалар жоспарланған.

Түркістан облысының бюджеті толықтай республикалық бюджет трансферттеріне тәуелді. Бұл аумақтық бөлінгенде негізгі өндіріс орындарының Шымкент қаласы аумағында қалып қойғанына байланысты. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасаған облыс басшысы Дархан Сатыбалды осылай мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Дегенмен, әкім биылғы жылдың 10 айында оң өсім бар екенін және жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеден асқанын атап көрсетті. Нақтырақ айтқанда, өнеркәсіп өнім көлемі 2 пайызға артып, 758 млрд теңгені құрады.

Дархан Сатыбалды өсім негізінен сүт, тоқыма және электр жабдықтары өндірісінің есебінен болғанын жеткізді. Дегенмен қазіргі таңда облыс өнеркәсібінің негізін тау-кен, яғни уран өндірісі құрайтынын айтты.

 

«ҚазАтомпром» ұлттық компаниясы Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Жер учаскесі анықталып, компания тарапынан техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Ендігі жылы құрылысы басталады. Жобаның құны – 100 млрд теңгеге жуық», – деп нақтылады өңір басшысы.

Сонымен қатар, облыстың өзіндік кірістерін көбейту үшін бірнеше маңызды жобалар жоспарланған. Оларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту болжамдануда.

«Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске асырылды», – деп мәлім етті Дархан Сатыбалды.