Samruk-Kazyna Trust қоры Түркістанда қаржыландырған әлеуметтік жобаны таныстырды

«Самұрық-Қазына» қолдауымен Сарыжаз ауылында алғаш рет футбол алаңы салынды.

Алаң Түркістан облысының қоғам өкілдерімен тығыз байланыс орнату мақсатында ұйымдастырылған баспасөз туры аясында халық игілігіне пайдалануға берілді.

Бұл «Самұрық-Қазына»  АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы қаржыландырылған еліміз бойынша 26-шы, ал Сарыжаз ауылының тұрғындары үшін бірінші спорт алаңы.

«Бұқаралық спортты дамыту, балаларға спорттық инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Бұл бағытта біз еліміздің шалғай өңірлерінде 25-тен астам спорт алаңының ашылуына мұрындық болдық және де осы бастаманы әрі қарай жалғастыра беретін боламыз. Алаңдардан бөлек еліміздің үш өңірінде денешынықтыру-сауықтыру кешендері мен көпфункционалды спорт кешендері бой көтереді», – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының Бас директоры Альфия Адиева.

 

Спорт алаңының құрылысы 1,5 ай жүргізіліп, оған 18,2 млн теңге қаражат бағытталды. Алаңда түрлі ауа райына төзімді жасанды шөп төселген, тормен қоршалып, орындықтар қойылған. Енді мұнда түрлі жарыстар ұйымдастырылып, 100-ден аса бала мен жасөспірімнің спортпен айналысуына мүмкіндік туды.

Футбол алаңының ашылу салтанатынан кейін қоғам белсенділері Кентау қаласында орналасқан еліміздегі жалғыз арнаулы кәсіптік колледжге барды. Осыдан тура 3 ай бұрын бұл оқу орнына «Samruk-Kazyna Trust» қоры компаниялар тобы атынан мүмкіндігі шектеулі студенттерге лифт орнатып берген болатын. Оқуға құштар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандар бұған дейін қоларбаларын бірінші қабатқа тастап, жоғарыдағы дәрісханаларға сатымен көтеріліп әуреге түсетін еді. Енді Қордың қаржылай қолдауының арқасында 15-35 жас аралығындағы тірек-қимыл жүйесі бұзылған колледж оқушыларының білім алу жолындағы тауқыметі жеңілдеді. Жобаның құны 36 миллион теңге.

 

Пресс-турдың аясында қоғам өкілдері мен журналистер «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорымен серіктестікте іске асырылған «Саламатты болашақ» жобасының жұмысымен танысты.  Бүгінде осы жоба аясында ерекше балалар бейімделген спортпен шұғылданады. Олар белсенді өмір салтын ұстанып, бочча секциясы арқылы ой-санасын сергітеді, денесін шынықтырады. Бүгінде жоба аясында еліміздің 21 қаласы мен кентінде жыл сайын 1000-нан аса ерекше бала спорттың 10 түрінен тегін секцияларға қатысып жүр. Жобаның құны 582 миллион теңге.

Қор әрдайым әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға ерекше назар аударып келеді. Осы орайда қонақтарға қолдан саңырауқұлақ өсіріп жатқан жобаның жұмысы да таныстырылды. Бүгінде жоба аясында мүмкіндігі шектеулі 4 азамат жұмыспен қамтылды. Айта кету керек, жоба «Samruk-Kazyna Trust» Қоры арқылы 3 млн грантқа ие болған, бүгінде өңірдегі қоғамдық тамақтану орындарын саңырауқұлақпен қамтамасыз етіп отыр.