Ақтөбедегі жоғарғы оқу орнының 1-курс студенті өз-өзіне қол жұмсады. Қазіргі кезде суицидтің себебі анықталып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Оқиға 25 қараша күні болған. Ақтөбе қаласы Полиция басқармасы №1 қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне ағайынды Жұбановтар көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің 9-қабатындағы балконнан жас жігіттің мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түскен.
"Оқиға орнына барған жедел-тергеу тобы қаладағы жоғарғы оқу орындарының бірінде оқитын 20 жастағы жігіттің мәйітін тапты. Жас жігіттің өз-өзіне қол жұмсағаны анықталды. Суицидтің себептері анықталуда", – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Студент Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде оқыған.
"Қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде университет студентінің бірі өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Бұл – университет ұжымы үшін үлкен қайғы. Жақындары мен отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Қазір оқиға бойынша Полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр. Университет тергеуге толық көмек көрсетеді. Ол белсенді студенттердің бірі болды, сабақта озат, құрдастарына сыйлы болатын. Оқуы мен тәртібіне қатысты шағым болған емес. Бірінші семестр бойынша сабақтарын үздік аяқтап, қорытынды емтихандарға жолдама алған", – деп хабарлады Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің баспасөз хатшысы Әсел Бақбергенова.
Еске салсақ, таяуда аталған жоғарғы оқу орнының бір студенті көз жұмды. Ол да өз-өзіне қол жұмсаған.