Осыған байланысты прокуратура органдары борышкерлердің есепке алынбаған және жаңа кіріс көздерін анықтау үшін жаңа тәсілдер мен алгоритмдер әзірледі: ол такси қызметіндегі мобильді қосымшалар арқылы жұмыс істеу (Яндекс, inDriver, DiDi, Uber), букмекерлік кеңселердегі ставкалар, электрондық әмияндар және тағы басқа қызметтерді қамтиды.
Белгілі болғандай, алимент төлемеудің негізгі себебі – борышкерлердің жұмысқа орналаспауы, тұрақты табыстың болмауы. Сол себепті прокуратура органдары сот орындаушылары, полиция, әкімдіктер және басқа да уәкілетті органдармен бірлесе отырып жұмыс атқарады. Бірлескен жұмыс нәтижесінде 200-ге жуық вакансия ұсынылған жәрмеңке ұйымдастырылған.
Бас прокуратура ақпаратына сәйкес, жұмыспен қамту органдарында 20 мың жұмыссыз борышкер есепке алынды, оның 9,5 мыңы жұмысқа орналасты. 500-ден астам түрлі ынталандыру шарасы өткізілді.
Алимент өндіруден жалтарған 6 мыңға жуық борышкер әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартылды. 700 қадағалау актісі бойынша тәртіптік жазада 825 жеке сот орындаушы жазаланды.