«Жаңадан құрылған Еңбек мобильділігі орталықтарының негізгі қызметі – жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде, өңірдің еңбек ресурстары теңгерімін қамтамасыз ету, өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыру, жұмыспен қамтудың барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жасау, жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз адамдарды тіркеу, халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілетті мемлекеттік органды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар ету», – деген еді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов.
Иә, БҚО-ғы Еңбек мобильді орталығы да осы жоғарыда аталған талаптар бойынша жұмыс істеп жатыр. Орталық директоры бүгінге дейін Мансап орталықтарына 41 мыңнан астам адам келгенін, оның ішінде 25 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылғанын атап өтті.
Мансап орталығына келіп жұмыс тапқан жандардың бірі – Гүлнар Мырзашева. Ол кісі «Күміс жас» бағдарламасы арқылы балабақшаға тәрбиешінің көмекшісі болып жұмысқа орналасыпты.
– 2021 жылы Казталов ауданынан көшіп келдім. 2023 жылдың ақпан айында мансап орталығына келдім. Сосын мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркелдім. Мені екі-үш жерге жұмысқа жіберді. Бірақ денсаулығыма байланысты бас тарттым. Көп баламен жұмыс істей алмаймын. Сосын баласы аз балабақшаға сұрандым. Кейін мені «Күміс жас» жобасы аясында жеке балабақшаға жұмысқа жіберді. Қазір ерекше балалар орталығында тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеймін. Жұмысым ұнайды. Ол жерде 30 бала тәрбиеленеді. Еңбекақымды ай сайын алып отырмын әрі мемлекеттен 70 пайыз субсидия түседі, – дейді Гүлнар Мырзашева.
Орталық директорының айтуынша, облыста Гүлнар секілді жасы 50-ден асқан адамдарды «Күміс жас» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналастыру шаралары белсенді жүріп жатыр.
– Бізде субсидияланатын жұмыс орындары бар. Бұған әлеуметтік жұмыс орындары жатады. Жұмыс берушінің қойған жалақысының 35 пайызын субсидиялайтын жұмыс орны бар. Мұндай кезде азаматтар жұмысқа бір жыл мерзімге жолданады. Бұдан бөлек, «Күміс жас» жобасы 50-ден асқан азаматтардың жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жобада жұмыс берушінің қойған жалақысын үш жыл бойына субсидиялайды. Бірінші жылы 70 пайыз, екінші жылы 65 пайыз, үшінші жылы 60 пайызын субсидиялайды. Бұл зейнет алды жасындағы азамтарымыз үшін таптырмас мүмкіндік. Кейін сол жерде зейнетке шыққанша тұрақты жұмыс істеп қалады, – дейді Еңбек мобильділігі орталығының директоры Аэлита Абулхаирова.
Ашылғанына көп бола қоймаған Мансап орталықтары арқылы бүгінде 25 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Еңбек мобильді орталығының директоры Аэлита Абулхаирова орталық қызметі туралы қысқаша баяндап берді.
«Мансап орталықтары еңбек нарығындағы барлық сұранысқа ие мамандықтарды зерделеу, болжау қандай да бір ұсыныстарды енгізу бағытында жұмыстарын атқарып жатыр. Сонымен қатар жұмыссыз азаматтарды жұмысқа тартуды да белсенді жүргіземіз. Биылғы жылғы үлкен өзгерістердің бірі Жастар тәжірибесі бағдарламасына қатысудың мерзімі өзгерді. Қазір жасы 35-ке дейінгі жастар «Жастар практикасына» қатыса алады. «Алғашқы жұмыс» орны бағдарламасы бар. Бұл өзі аты айтып тұрғанындай жастарымызға ең алғашқы тәжірибе жинау мақсатындағы берілетін мүмкіндік. Бұл бағдарлама бойынша жастар жұмысқа бір жыл жарымға жолданады. Бағдарламаға тек жасы 35 жастан аспаған жастар қатысады. Ешқандай жұмыс тәжірибесі болмауы керек. Қазір 15 мыңнан астам жұмыссыз азамат бар», – дейді ол.
Еңбек мобильді орталығы негізінен еңбек нарығын зерттеумен айналысады. Нарыққа қажетті мамандықтар тізімі жасақталады. Мәселен, БҚО бойынша бүгінде білім, медицина, энергетика, қызмет көрсету салаларында қажетті мамандар тапшы. Бұдан бөлек, ірі команияларда жұмысшы күші жетіспейді. Мансап орталықтары еңбек нарығына қажетті мамандарды жұмыс берушінің сұраныса сай қысқа мерзімді курстарға да жіберіп отырады.
– Жұмыс берушінің сұранысына сәйкес, қысқамерзімді кәсіптік оқытуларға мамандар жібереміз. Яғни, жұмыс берушінің сұраған мамандық иесін қысқамерзімді курстар арқылы оқытамыз. Ол кезде мемлекет тарапынан оқитын адамның шәкіртақысы, жол жүру ақысы, пәтер жалдау ақысы түгел төленеді, – дейді Еңбек мобильді орталығының директоры Аэлита Ғұмарқызы.
Еңбек мобилділігі орталығы күні кеше ғана облыс орталығында кең көлемді бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңкеде 800-ден астам бос орындар ұсынылған.
– БҚО-да медицина, энергетика, білім саласында мамандар тапшы. Жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары. Жәрмеңкеде 800-ден астам бос жұмыс орындар ұсынылды. Барлығы 60 астам жұмыс беруші қатысып отыр. Қазір бұл жерде облыстағы ең ірі кәсіпорындар, білім беру, медицина ұйымдары, шетелдік компанияның өкілдері бәрі бар, – деп атап өтті Аэлита Абулхаирова.
Жәрмеңкеге кәсібін енді бастаған жас кәсіпкерлер де тартылған. Бұл жас кәсіпкерлердің барлығы да – мемлекеттен қайтарымсыз грант алып кәсібін бастағандар.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы