Қазақстандық жастар қандай құндылықтарға сүйенеді? Олар өз пікірлерін қандай тәсілдермен тексереді? Жастар үшін не маңызды? Олар саясаттан тыс па? Осы өзекті сұрақтардың барлығына жауаптар «Қазақстан жастары – 2023» ұлттық баяндамасында қамтылған.
«Жастар» ғылыми орталығы қазақстандық жастар туралы он бірінші есебін ұсынды. Бүгінгі материалда біз «Жастар» ұлттық ғылыми орталығының сарапшысы Жадыра Аюуханмен әңгімелесіп, еліміздің кейінгі буынына тән , олардың қажетін сипаттайтын бес маңызды бағытты анықтадық:
Ең алдымен – отбасы
«Өмірлік құндылықтардың арасында жетекші орынды отбасы (72,6%) алады. Респонденттердің ең көп бөлігі отбасылық құндылықтарды өмірдегі ең маңыздысы деп санайды, бұл Қазақстан жастарының көпшілігі үшін жақын қарым-қатынас пен отбасын қолдаудың өзектілігін көрсетеді.
Екінші орында – достық. Респонденттердің үштен бірінен астамы (32,3%) достық қарым-қатынасқа мән береді. Бұл әлеуметтік қолдау мен тығыз байланыстардың қажеттілігін аңғартады.
Үшінші орында – денсаулық (26,9%). Респонденттердің төрттен бірінен астамы денсаулыққа үлкен мән береді, бұл өмірдегі физикалық және психикалық салауаттылықтың маңызды рөлін айғақтайды», – деп атап өтті сарапшы.
Қаржылық еркіндік
Сарапшының дерегіне қарағанда, қазіргі тенденциялар арасында сауалнамаға қатысқан жастардың жартысына жуығы (48,2%) ең маңызды фактор ретінде қаржылық тәуелсіздікті атап көрсетеді. Бір қызығы, бұл үрдіс 18 бен 34 жас аралығындағы жастардың барлық жас топтарына тән. Бұл ретте респонденттердің 26%-ы жұмысты басқа қызығушылықтармен және жауапкершілікпен біріктіруге мүмкіндік беретін икемді жұмыс түрлеріне қызығушылық танытады.
Оптимизм және сенімділік
«Жастар» ұлттық зерттеу орталығының 2023 жылы жүргізген социологиялық зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 45%-ға жуығы болашаққа сеніммен және оптимизммен қарайды. Бұл қазақстандық жастардың көпшілігі болашақтан оң оқиғалар мен табыс күтетінін көрсетеді. Сонымен қатар респонденттердің шамамен төрттен бірі ертеңіне байсалдылықпен қарайды (26,5%), бұл олардың қабілеттеріне сенімділігін байқатады», – дейді сарапшы.
Билікке сену
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының социологиялық зерттеуіне сәйкес, 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың 30%-дан астамы мемлекеттік қызметкерлердің пікіріне сенеді, респонденттердің 10%-ы саяси партия жетекшілерінің пікіріне иланады, ал шамамен алғанда респонденттердің 8 пайызы белгілі қоғам қайраткерлерінің пікірін бағалайды», – дейді сарапшы.
Эмпатия
«Жастар қоғамның мұқтаж топтарына көмектесуге бағытталған түрлі волонтерлік және әлеуметтік жобаларға белсенді түрде қатысады. Респонденттердің айтарлықтай бөлігінің волонтерлік қызметте тәжірибесі немесе қызығушылығы бар (барлығы 55,1%). Осылайша, респонденттердің 15,2%-ы волонтерлік қызметке белсенді және тұрақты қатысады; респонденттердің 35,1% ішінара қатысады, яғни бос уақыт болған кезде әртүрлі жобаларға немесе іс-шараларға атсалысады; 4,8% волонтерлік іс-шараларға мүлде қатыспайды, бірақ болашақта бастауды жоспарлап отыр – олар волонтерлік қызметтің маңыздылығын түсінеді және өз үлестерін қосуды жоспарлайды», – деп атап өтті сарапшы.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы – елімізде жыл сайын жастарды дамытудың аса маңызды көрсеткіштеріне жан-жақты зерттеу жүргізетін бірден-бір талдамалық құжат.
Тағы айта кетерлігі, есеп Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен жасалады. Басты міндет – мемлекеттік органдарды да, жалпы қоғамды да жастар саясатының жай-күйі туралы ақпаратпен қамтамасыз ету.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының барлық зерттеу нәтижелерін eljastary.kz сайтынан таба аласыз.