Бүгін таңертең Алматыдағы хостелдердің бірінде өрт шықты. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер 13 адамның мәйітін тапты. Қазір олардың өлімінің себебі анықталып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz қалалық ТЖД-ға сілтеме жасай отырып.
Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, хостелдегі өрт туралы хабарлама таңғы сағат 05:33-те келіп түскен. Өрт сөндірушілердің алғашқы құрамы оқиға орнына 7 минут ішінде жетті.
Белгілі болғандай, өрт үш қабатты ғимараттың жертөлесінен шығып, бірінші қабатты да шарпыған.
Алдын ала есептеулер бойынша, өрттің жалпы ауданы 30 шаршы метрді құрайды. Сағат 06.22-де өрт толығымен сөндірілді.
"Барлау және өртті сөндіру барысында 13 адамның мәйіті табылды. Қазір олардың кім екені анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, олар көміртегі тотығымен улану салдарынан қаза тапқан", – делінген департаменттің хабарламасында.
Өрт кезінде хостелде барлығы 72 адам болған, олардың 59-ын эвакуациялап үлгерген. Өртті ауыздықтауға 46 адам мен 13 бірлік ТЖД техникасы жұмылдырылды.
"Өрт пен өлімнің себебі анықталуда. Соған сәйкес, ақпарат тағы да толықтырылатын болады", – деді ТЖД өкілдері.