Қараптан-қарап жергілікті тұрғындар ғана емес, ауылға келген қонақтары да екі-үш күндеп ұйқыға кететін болған. Тіпті, биліктің ауыл тұрғындарына көшіп кетуіне кеңес беріп жатқанына бірінші жыл емес. Сол үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Қазір көбісі көшіп те кетті. Қалса да үштен бірі ғана бар. Осының бәрі 2000 жылдардың басында басталды. Тұрғындар өздерінің ұйқыға тартатынына шағымданып, оянғаннан кейін есін жоғалтып, галлюцинацияға шалдыққанын сөз етті. Сөйтіп, осы нәрсе жаппай бәрін жайлап алды. Тұрғындар бір күнге емес, бірнеше күнге не болмаса күніне бірнеше рет ұйықтайтын болды. Ғылыми-зерттеулерден нақты ешқандай нәтиже шықпады. Соған қарамастан, дәрігерлер бірауыздан мұны тауып алған дерт деп отыр.
Дегенмен ресми мәліметтерге сүйенсек, әлі күнге дейін ауыл тұрғындарының неге ұйқыға кететіні белгісіз. Жергілікті жұрт мұны жабылып қалған ескі шахталардан бөлініп отырған «радиация мен радонның кесірі» десе, зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар жұмбақ дертті бұл жаймен байланыстырып отырған жоқ. Осыған байланысты ҚР ҰЯО РМК егжей-тегжейлі зерттеу жүргізуге шақырылған болатын. Сөйтіп 2014 жылдың сәуірі мен 2016 жылдың қарашасы аралығында Калачи ауылының экологиялық ахуалына зерттеу жүргізді. Радиациялық қауіпсіздік және экология институты филиалының директоры Асан Айдарханов ұйқы ауруына қатысты жүргізілген зерттеулер туралы айтып берді.
Оның айтуынша, радиацияның әсерінен ұйықтап кету мүмкін емес.
– Жұмыс барасында Калачи мен Красногорский ауылдарының тұрғындарына әсер етуі мүмкін деген қоршаған ортаның зиянды факторлары зерттелді. Ең алдымен ауылдағы радиациялық жағдайды зерттей келе, гамма-фон деңгейі қалыпты (0,10-0,12 мкЗв/сағ) екен анықталды. Тек уран кенішінің жұмыс жүретін жерлерде табиғи уран мөлшері жоғары екенін көрсетті. Ал бұл бізде қалыпты жағдай. Шындығына келсек, Калачи ауылының қоршаған ортасынан техногендік радионуклидтердің құрамының табылуы - жаһандық құлдыраудың фонында шыққан дүние. Ал жалпы алғанда табиғи радионуклидтердің құрамы Қазақстан аумағына тән еді. Оның бәрі ауыл тұрғындарына кешенді дозиметриялық тексерумен расталды. Оған қоса, ауылдың аумағында радон ағынының жоғары тығыздығы бары анықталды, – деді Асан Айдарханов.
Бүгінде олардың жасаған зерттеуінің нәтижесі шетелге жіберілген екен.
– Біз сынамалар алып, толыққанды мониторинг зерттеуін жүргіздік. Бірақ қандай да бір нормадан асып кеткен жағдайды байқамадық. Тіпті, зерттеу нәтижелерін Чехия мен Ресейге де жібердік. Міне, олар да біздің сөзімізді растады. Радиациялық фактордың әсерінен адамның ұйықтап кетуіне ешқандай әсер етпейтінін растады. Сөйтіп, ғалымдар Калачи ауылының орналасқан аймақтағы геологиялық құрылымының ерекшелігіне байланысты экологиялық қолайсыздықты тудыруы мүмкін деген оймен тағы зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, жер қойнауынан бөлінетін әртүрлі газ өнімі тұрғындарды ұйықтатуына әсер ету мүмкіндігі анықталды. Тіпті, тұрғындардың денсаулығына дейін тексеріліп, қаны зерттеуден өткізілді. Зерттеу нәтижелері бойынша ауылдың атмосфералық ауасында көмірсутегінің (С1-С10) көп мөлшерде болып шықты. тұрғындар көміртегі тотығының әсерінен ұйықтап кеткен. Өйткені көміртегі тотығы көбейсе, адамды ұйқыға тартады. Себебі ауылдың өзі ойпат жерде орналасқан. Екіншіден, үйлерін пешке от жағып жылытып отырған соң көміртегі тотығының бөлінуі қалыпты. Оған қоса, 2014-2015 жж деректерге сүйене отырып, сол аралықта ауадағы көміртегі тотығы мен көмірсутегі құрамының жоғары болғанын көрсетті. Бірақ сол жылдық газ мониторингі кезеңінде ел ішінде "ұйқы синдромы" жағдайы байқалмады. Сонымен Калачи ауылының аумағында өміре қауіпті факторға негіз жоқ. Алайда, бірнеше фактордың белгілі бір жағдайдың тоғысуынан ұйқы шақыруы ықтимал, – деді ол.
Еске сала кетейік, Калачи ауылында ұйқы ауруы анықталғанда атом өнеркәсібінің, геологияның және басқа салалардың өкілдері де оның себебін анықтауға атсалысты.