Салтанатты іс-шараны Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп ашып, мерейтой иесінің білім және ғылым саласындағы жемісті еңбектері үшін алғысын білдірді, барша ұжым атынан құттықтап, сәттілік тіледі.
Конференция А.Жұмабаеваның өмірбаяны бойынша түсірілген «Әліппеден басталатын әлем» деректі фильм көрсетумен басталды. Онда профессор-ғалымның балалық шағынан бүгінгі жеткен жетістігіне дейінгі өмірі жайлы деректер ұсынылды.
Сондай-ақ «Бастауыш білім беру» кафедрасында ашылған виртуалды ғылыми-әдістемелік шеберханада А.Жұмабаева меңгеруші болған кезеңдегі кафедра профессор-оқытушыларының атқарған жұмыстарының нәтижесі көрсетілді. Мақсат – виртуалды шеберханада аты айтып тұрғандай болашақ бастауыш сынып мамандарын даярлауда берілетін білім, оқытылатын пәндердің ғылыми-әдістемелік негіздерін құрайтын зерттеу еңбектері мен оны тәжірибеге енгізудегі жетістіктерімен көпшілікті таныстыру.
Аталған шеберхана бірнеше бөлімді қамтиды. Атап айтқанда, «Тағылымды тарих» – Абай атындағы ҚазҰПУ ректорының гранты бойынша «Мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының тәжірибесін жинақтау, талдау және тарату» ғылыми жобасының нәтижесінде басталып, бүгінде бастауыш білім беру кафедрасының іргетасын қалаған профессор-ғалымдарға арналған еңбектің 6 томы жарық көрді; кафедра оқытушыларының авторлығымен бастауыш сыныптарға арналған «Қазақ тілі», «Әліппе», «Ана тілі» (1-сынып), «Қазақ тілі» (2-4 сынып), «Математика» оқулықтары мен Е-Books электронды оқулықтары пайдалануға берілді; Smart Profi-де «Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін жаңа буын мектебіне дайындау» атты зерттеу бағыты бойынша профессор-оқытушылар құрамының негізгі ғылыми еңбектері баяндалатын болса, соңғы бөлімде Ph.D school жұмысы бойынша А.Жұмабаеваның қалыптасқан ғылыми мектебінің мазмұны ұсынылған.
Салтанатты іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі мен еліміздің жетекші оқу орындарының өкілдері қатысты. Қонақтардың қатарында А.Жұмабаеваның шәкірттері, университет түлектері мен студенттер болды.