«Қазгидромет» РМК желтоқсанға ауа райы болжамын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Синоптиктердің болжамынша, биыл Қазақстанда қыс біртіндеп өз құзырына енеді.
Желтоқсанның таяу күндерінде және бір айдың ішінде республиканың басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты күтіледі: солтүстік жартысында қар, кейде боранды қар жауады, оңтүстік өңірлерде жауын-шашын жауады (жаңбыр, қар). Республика бойынша тұман, көктайғақ, желдің 15-28 м/с дейін күшеюі күтілуде, айдың басында Қазақстанның солтүстік-батысында және солтүстігінде – жел 30 м/с және одан да күшті екпіні болжанады. Желтоқсанның бірінші онкүндігінің екінші жартысында арктикалық суық ауа массаларының ығысуымен бүкіл елде ауа температурасы айтарлықтай төмендейді:
елдің батысында түнде -10-20°C дейін, күндіз -3-13°C дейін;
солтүстікте, солтүстік-батыста, шығыста және орталықта түнде -20-30°C дейін, күндіз -10-20°C дейін;
республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде -10-20°С дейін, күндіз -2-10°С дейін.
Желтоқсанның екінші және үшінші онкүндіктерінде циклондардың әсерінен қарқынды жылу толқындары күтіледі:
Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасы түнде -5-10°С дейін, күндіз 0,-5°С дейін жоғарылайды;
Қазақстанның оңтүстік жартысында түнде -3+3°С дейін, күндіз +5+13°С дейін.
Алайда жекелеген күндері солтүстік-батыстан енетін суық антициклондардың әсерінен температураның төмендеуі болжанады:
Қазақстанның солтүстік жартысында түнде -20-30°С дейін, күндіз -8-15°С дейін;
Қазақстанның оңтүстік жартысында түнде -10-17°С дейін, күндіз -3-10°С дейін.
Жалпы болжам бойынша желтоқсан айында ел аумағындағы ауаның орташа температурасы нормадан 1-2° жоғары болады деп күтілуде.
Желтоқсанда жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, республиканың солтүстігінде нормадан көп болады деп болжануда.