Алматы қалалық Полиция департаменті Алматыдағы өртке оранған хостелдің ұйымдастырушыларын тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл деректі Алматы қалалық ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Айбат Мұрзамадиев жариялаған.
"Ол адамдардың жеке басы анықталды. Қазіргі уақытта олардың жүрген жерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Әзірге олардан жауап алынып жатқан жоқ. Қазір біз барлық құжаттаманы жинап жатырмыз, қосымша мән-жайлар жарияланатын болады", – деді Мұрзамадиев.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адамның қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз. Қаза тапқандардың ішінде 4 шетел азаматы да бар. Кейіннен Президент Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты, ал Алматы әкімдігі өрттен қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына 1 миллион теңгеден берілетінін мәлімдеді.