Түркістан облысының прокуратурасы Төлеби ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады. Олар ауданның арнайы жер қорындағы тартымды жер учаскелерін заңсыз актілерді рәсімдеу арқылы ұсынған деп айыпталып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, осы бөлімнің бұрынғы басшысымен алдын ала сөз байласу арқылы 200 га-дан астам құнарлы жер учаскелерін заңсыз рәсімдеді деп күтіктелуде. Жер телімдерінің нарықтық құны 326 млн теңгені құрайтыны мәлім етілген.
Түркістан облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталып отырған күдіктілерді уақытша ұстау изоляторына қамады.
«Қазіргі таңда аталған қылмысқа басқа да тұлғалардың қатыстылығын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген өңір прокуратурасының хабарламасында.